
Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қолдау білдіре отырып, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бірден бір септігін тигізетін игі іс-шараға қатысты.
Басқарма ұжымы Шымкент қаласының Түркістан және Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Спутник» скверінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, коммуналдық қызметкерлермен бірлесіп, қоғамдық орынды қоқыстан тазартты. «Әрине, таза қала – болашақтың кепілі. Біз көшелерді қоқыстан тазартамыз, бірақ ең бастысы – жүректі, жан дүниені, ой мен сананы жаман әдеттерден тазарту. Есірткі – өмірімізді ластайтын у. Ол сенің денсаулығыңды, арманыңды, болашағыңды жояды. Біз таза ортаны, таза ойды, таза өмірді таңдаймыз. Тазалық – денсаулықтың бастауы. ЕСІРТКІГЕ ЖОЛ ЖОҚ!» — дейді сала өкілдері.
Полиция қызметкерлері өзге де мекемелермен бірлесе отырып, көшелердің, саябақтар мен аулалардың таза болуын қадағалауда. Бұл мақсатта күн сайын бейнебақылау камералары қолданылып, құқық бұзушылықтар анықталады. Мәселен, бейнекамералардың біріне қоғамдық орында шылым шегіп, темекі қалдығын жерге тастаған тұрғындар ілікті. Ортақ пайдаланатын орынды ластағаны үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция тазалық пен тәртіп әрқайсымызға байланысты екенін еске салады.
Иә, расында да, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ел көлемінде кеңінен қолдау тауып, қоршаған ортаны қорғау мен санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды іс-шаралардың біріне айналды. Осы игі бастаманы жалғастыру мақсатында бүгін Әл-Фараби ауданы аумағында да кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Сенбілік жұмыстары Қаратау ауданына қарасты Тассай тұрғын алабы мен Мирас шағынауданында, сондай-ақ орталық көшелерде де қарқынды түрде жүргізілді. Іс-шараға барлығы 60-тан астам адам қатысып, 7 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары барысында аумақтардағы тұрмыстық және құрылыс қалдықтары, қураған ағаш бұтақтары мен жиналмай қалған қоқыстар толықтай шығарылды. Нәтижесінде 47 тонна көлеміндегі қоқыс арнайы полигонға жеткізілді.
Мұндай сенбіліктердің негізгі мақсаты – қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру және қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту.
Осы ретте тұрғындарға: «Аула мен қоршаған ортаның тазалығы — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Таза әрі жайлы өмір сүру үшін баршаңызды тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырамыз. Қаламыздың көркеюі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген коммуналдық қызмет мамандарының еңбегін құрметтеп, олардың жұмысына түсіністікпен қарап, өз аулаларымыз бен көшелерімізді таза ұстауға барынша атсалысайық. Ұмытпайық, тазалық – өзімізден басталады!», — деп құлаққағыс жасаған болар едік.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
