
Шымкентте 12 тамыз — Халықаралық жастар күні жаңа идеялар мен мүмкіндіктер алаңына айналды. «Jastar Fest» фестивалі жүздеген жасты жинап, мерекелеумен қатар, құны 1 миллион теңгеге дейінгі гранттармен жаңа жобаларды іске қосты.
Негізгі оқиға – қалалық еріктілер бастамалары байқауының қорытындысы болды. Екі ай ішінде байқауға 36 автордан өтінім келіп түсті. Жобалар тақырыбы – экологияны қорғау, медициналық еріктілікті дамыту, толық емес отбасылардағы жасөспірімдерге көмек көрсету және жануарларға арналған панажайларды абаттандыру.
Жеңімпаздарды бизнес, БАҚ және ҮЕҰ өкілдерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы анықтады. Ең үздік бес жобаның авторлары өз идеяларын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңгеден грант алды. Ал белсенділер алғыс хаттар мен түрлі сыйлықтарға ие болды. Қаланың еріктілері бүгінде өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысып, соның ішінде «Есірткісіз қоғам» құру ісіне елеулі үлес қосып келеді. Фестиваль «Жас драйв» жаңа грант маусымының да басталу нүктесі болды. 12 тамыздан 11 қыркүйекке дейін шымкенттік жастар өз жобаларын төмендегі бес бағыттың бірі бойынша ұсына алады:
- ActiVO – «Ерікті жас» (Жыл еріктісі)
- CityVibe – «Көрікті қала» (Жастарды өзгертетін қала)
- NOx – «Есірткісіз қоғам»
- Innovation + Pulse – «Жас ғалым»
- My family – «Отбасы – басты құндылық»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жақын күндері «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына да өтінімдер қабылдау басталады. Ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа және еріктілік салаларындағы ең үздік алты жоба да 1 миллион теңгеден грант иеленеді.
«Біз жастарға жай ғана қолдау сөздері емес, нақты мүмкіндіктер қажет екенін түсінеміз — білім алу, бизнеске көмек, заманауи қала ортасы және ашық диалог. Осы мүмкіндіктерді шынайы ету үшін барымызды салып жатырмыз. Шымкент – тарихы терең шаһар. Ұлы Жібек жолының керуендері өткен, небір замандардың куәсі болған бұл мекен – түрлі мәдениеттер мен тағдырлар тоғысқан орын. Қаланы алға жетелеген де – әр дәуірдің еркін рухты, жалынды жастары еді. Бүгін сол дәстүр жалғасып жатыр.
2200 жылдық тарихы бар Шымкент қазір жастық жігерге толы. Арманы асқақ, қарқыны жоғары, жаңашылдыққа құмар. Бұл рухты қалаға жан бітіріп тұрған – дәл сіздер. Жаңаша ойлайтын, жаңаны қалайтын жастар.
Бүгінгі Шымкент – сіздердің еркін ойларыңызды, биік мақсаттарыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи қала. Сіздер – жай ғана жас емессіздер. Сіздер – өткеннің жалғасы ғана емес, келешекті қалыптастыратын негізгі күшсіздер», — деді мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Мерекенің атмосферасын «Жайдарман» жұлдыздары Ұлан Мамырбекұлы мен Нұрым Досболдың «TEDx» форматындағы мотивациялық сөздері, Gentleman және Happiness топтарының, Бағлан Жолдасовтың концерттері, интерактивті ойындар, Romano-ның DJ-сеті және жарқын фейерверк толықтырды.
Бүгінде Шымкентте 400 мыңға жуық жас тұрады, олардың 134 мыңы — студент. Биыл олардың 41 мыңнан астамы дипломды маман атанады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
