
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөлін атап өтіп, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын және бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, бұрынғы жылдардағы жеңімпаздардың өмір жолы арнайы кітап ретінде жарық көретінін жеткізді. Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқауда еңбек династияларына ерекше мән берілгенін және іріктеу жұмыстарының аудандық кезеңнен бастап жүйелі жүргізілгенін айтты.
— Биыл Шымкент қаласында өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіліп, 150-ден астам өтініш түсті. Үздік арасынан қалалық кезеңге 20 отбасы іріктелді. Олар отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі мен балалардың жетістігі, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бойынша бағаланды, — деді ол.
Жиында 20 қатысушы отбасының барлығына қала әкімінің алғыс хаттары мен теледидар сыйлыққа берілді. Ал бас жүлде иегері – Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылардан құралған Нұртаевтар әулеті 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатты ұтып алып, 12 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында: «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс», — дей келе, отбасының рөліне айрықша тоқталғаны белгілі.
Ал аталмыш байқау хақында: «Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады», – деген болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
