
Бүгін Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша және Қосмезгіл елді мекендерінде қоршаған ортаны қорғау және елді мекен аумағын тазалау мақсатында кең көлемді экоакция ұйымдастырылды.
Тазалық шарасына ауыл тұрғындары, еріктілер мен мекеме қызметкерлері белсене атсалысты. Жалпы акцияға 300-ге жуық адам қатысты. Жұмысқа 9 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 14 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды.
Іс-шара барысында көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары, арықтар мен бос жатқан жерлер қоқыстан тазартылды. Сауран ауданы әкімдігі қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
Естеріңізде болса, 4 тамызда Сауран ауданының орталығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылған-ды. Қоршаған ортаны қорғау және елдімекен аумағын абаттандыру мақсатындағы бұл шараға аудан тұрғындары белсенді атсалысты.
Аталған акция барысында 200-ге жуық азамат өз еркімен қатысып, қоғамдық аумақтарды тазартуға үлес қосты. Іс-шараға арнайы 6 бірлік техника жұмылдырылып, нәтижесінде 12 тоннаға жуық қалдықтар шығарылды.
Тазалық жұмыстары негізінен көшелерді, қоғамдық орындар мен көпшілік жүретін аймақтарды қамтыды. Аудан әкімдігі мұндай бастамалар арқылы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ өңір экологиясын жақсартуға ықпал ету көзделіп отырғанын атап өтті.
Ал тамыздың 2-сінде Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы ретсіз шашылған қоқыс полигондарын арнайы аралап көрген болатын. Аудандағы экологиялық жағдайды жақсарту және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген бұл тексеру барысында бірнеше келеңсіз жағдайлар анықталды.
Атап айтқанда, аудан әкімі қолданыстағы полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіруді, бұрын пайдаланылған карьерлердің орнын тиімді пайдаланып, сол жерлерге стандарттарға сай заманауи қоқыс полигондарын орналастыруды, сондай-ақ қауіпсіздік пен бақылауды күшейту мақсатында полигон аумағында қарауылдайтын арнайы жылжымалы контейнер типіндегі күзет үй-жайларын орнатуды тапсырды.
Енді тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастаған жеке және заңды тұлғаларға заң аясында айыппұл салынады. Бұл талапты елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, экологиялық заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін нақты жазаға тартылады.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріліп, атқарылған жұмыстар бойынша апта сайын есеп беріп отыру міндеттелді.
Сауран ауданы әкімдігі қоршаған ортаның тазалығын сақтауды басты назарда ұстап, алдағы уақытта полигондар мәселесін түбегейлі шешуді көздеп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
