Сауран ауданы: Аша, Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде газдандыру жұмыстары басталды

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларымен бірге Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауылды табиғи газбен қамтуға бағытталған жаңа жобаның іске қосылғанын хабарлады.

Аудан әкімінің айтуынша, «Аша елді мекенінде газ құбырын салу» жобасы аясында жалпы ұзындығы 19 300 метр жоғары қысымды және 34 600 метр орта қысымды газ құбыры жүргізіледі. Жобаға сәйкес 1 дана газ реттеу пункті орнатылып, 832 үйге табиғи газ қосылады. Бұл жоба толық іске асқанда, 4160 адам «көгілдір отынға» қол жеткізеді.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жобаның тапсырыс берушісі – Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Аудан әкімі тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде ауыл халқын «көгілдір отынмен» қамту тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылатынын, тиісті бөлімдер мен мердігер мекемеге нақты тапсырмалар жүктелгенін жеткізді. Тұрғындар да өз кезегінде ауылға газ жеткізу көптен күткен қуанышты жаңалық екенін айтып, алғыстарын білдірді.

Бұдан бөлек осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ және Қосмезгіл елді мекендерінде басталған газ құбырының құрылыс жұмыстарымен танысып, нысандардың бастапқы барысын қадағалаған-ды.

Жұмыс барысына жауапты бөлім басшылары, мердігер мекемелердің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік маңызына тоқталып, құрылыс сапасына және мерзімінде аяқталуына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

Шорнақ елді мекені бойынша ұзындығы 43,7 шақырым газ құбыры тартылып, 634 газ реттеу пункті орнатылады. Жоба толық іске асқанда 975 үй қосылып, шамамен 4 850 тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді. Қосмезгіл елді мекенінде ұзындығы 59,7 шақырым газ құбыры салынып, 950 газ реттеу пункті орнатылады. Бұл жобаның нәтижесінде 1 470 үй газ жүйесіне қосылып, 7 350 тұрғын табиғи газбен қамтылады.

Аудан әкімі құрылыс барысын қадағалау кезінде: «Газдандыру – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған басты бастама. Бұл жобалар жүзеге асқанда тұрғындардың көптен күткен мәселесі шешімін табады. Сондықтан жұмыстың әр кезеңі сапалы әрі дер кезінде орындалуы қажет», — деді.

Кездесу соңында аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, атқарылатын жұмыстардың кезең-кезеңімен халыққа ашық түсіндіріліп отыруы керектігін айтты. Аталған жобалар толық іске асқанда Шорнақ пен Қосмезгіл елді мекендерінің тұрғындары көптен күткен табиғи газға қосылып, тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You