Түркістан облысында «Өнерлі өлке» фестивалінің күзгі маусымы басталды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде көптен күткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің жартылай финал кезеңі басталды. Күзгі маусымды Түлкібас пен Мақтаарал ауданының өнерпаздары бастады.

Аудандар өзара бақ сынап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қазылар алқасының шешімі бойынша жартылай финалда ерекше өнер көрсетіп, Түлкібас ауданы келесі кезеңге жолдама алды.

Сахна төрінде өнерпаздар ақындар айтысы, дәстүрлі өнер, ұлт аспаптар ансамблі, эстрада және би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» сынды өнер жанрлары бойынша сынға түсті. Өнер сайысы барысында әр ауданның өнерпаздары ұлттық өнердің терең тамырын, елдің рухани құндылықтарын паш етіп, көрерменнің қошеметіне ие болды.

Фестивалде түрлі жанр бойынша өнер иелері қазылық етті. Оның құрамында Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы, ақын Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, Халықаралы Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің одағының Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев және Түркістан музыкалық драма театрының хореографы Дәулет Мұратбеков болды.

Айта кетейік, фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеу, халықтың рухани құндылықтарын насихаттау, Түркістанның мәдени беделін көтеру, туристтік әлеуетін арттыру. Күні ертең Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданы сайысады.

Өнер демекші, кеше Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жиын өткен болатын. Жиынға жауапты басқарма өкілдері мен тиісті мекеме басшылары қатысып, қыркүйек-қазан айларында өтетін іс-шаралар легі сараланды. Ұйымдастыру жұмыстарына қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды.

– Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Осы мәртебеге орай ауқымды жобалар мен мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылуы тиіс, – деген облыс әкімінің орынбасары облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілдеріне бұл бағытта нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

Айта кетейік, облыс орталығында биыл бірқатар маңызды мәдени және рухани іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі күнге дейін «Voice of Turan – 2025» халықаралық фестивалі, «Түркінің төрі – Түркістан» жас ақындар айтысы сынды бірқатар маңызды шаралар мен жобалар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жоғарыда айтып өткен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі, Республика күніне арналған салтанатты шаралар мен «Түркістан дауысы» мерекелік концерттерді өткізу жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You