2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Қала аумағында жалпы ұзындығы 56,2 шақырымды құрайтын жылу жүйесі бар

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында 2025-2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысы және қала әкімдігі тарапынан орындалуға тиісті негізгі міндеттердің жүзеге асуы талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары бойынша Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оспан мен «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерғазы Рысбеков баяндама жасап, нақты көрсеткіштерді ортаға салды.

Бүгінгі таңда қала аумағында жалпы ұзындығы 56,2 шақырымды құрайтын жылу жүйесі бар. Оның ішінде 6,9 шақырым магистральдық, 49,3 шақырым ішкіорамдық құбырлар қамтылған. Қала бойынша 18 қазандық бөлімшесінде 77 қазан орнатылған. Орталық жылу жүйесіне 223 көпқабатты тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы 18 бюджеттік мекеме, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлер қосылған.

Биыл көктем айларында барлық қазандықтар мен жылу жүйелерінде қысымдау және шаю жұмыстары жүргізіліп, анықталған ақаулар толық жөнделді. Қазіргі таңда ыстық сумен қамту тұрақты түрде жүзеге асуда. Жылу маусымы басталар алдында қазандықтар тағы да тексерістен өтеді.

Қала әкімі 15 қыркүйекке дейін барлық мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың дайындық актілерін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар, электр және газ жеткізушілер алдындағы берешектерді өтеу үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеуді, дебиторлық қарыздарды өндіріп алу жұмыстарын күшейтуді және ай сайын қарызды азайту динамикасын көрсетіп отыруды міндеттеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – орындаушылық тәртіптің сақталуы бойынша Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Жәнібекқызы баяндама жасады. Қала әкімі орындаушылық тәртіптің мемлекеттік басқарудың сапасын айқындайтын басты көрсеткіш екенін атап өтіп, хаттамалық тапсырмалардың уақытылы орындалуы халық сеніміне тікелей әсер ететінін жеткізді.

Жиын соңында Әзімбек Пазылбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You