
Бүгін қала басшылығы Шымкент шаһарын цифрлық трансформациялау жолында маңызды қадам жасады. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков “Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинмен бірге «Ақылды қала» жобасының пилоттық компоненттерін іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды.
«Бұл шаралар Шымкентті «Smart City» ретінде дамытуға бағытталған. Осы жолдағы алғашқы серіктесіміз – ұлттық телеком-оператор «Қазақтелеком» АҚ. Бұл Шымкенттіктер үшін бұл тек технологиялық жаңару емес, бұл – қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне, өмір сапасын арттыруға салынған инвестиция», — дейді Ғабит Сыздықбеков.
«Қазақтелеком» АҚ мұндай жобаны Ақмола облысында сәтті жүзеге асырды. Енді осы тәжірибе Шымкентте де қолданылады. «Smart Shymkent» жол картасы аясында цифрлық шешімдерді сынақтан өткізу және интеграциялау басталады.
Жаңа жүйе инфрақұрылымды орталықтандырылған түрде бақылауға, бірыңғай дрон инфрақұрылымын құруға, қауіпсіздік үдерісін автоматтандыруға, экологиялық ахуалды қадағалауға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Әсіресе, дрон инфрақұрылымын пайдалану жол жөндеу жұмыстарының барысын, қоқыс шығару мен жол белгілерін орнату ісін жеңіл бақылауға және заңсыз құрылыс пен бей-берекет қоқыс үйінділерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қала басшысы компанияның басшылығы мен мамандарына әріптестік үшін және заманауи технологияларды енгізуге деген дайындығы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ғабит Сыздықбеков бірлесе атқарған еңбектің арқасында қала мен тұрғындарға нақты пайда әкелетін жоба жүзеге асырылатынына сенімді екен білдірді.
P.S. «Smart City» жобаларының жалпы бағыттары туралы атап айтсақ:
- Цифрлық инфрақұрылымды дамыту:
Қаладағы барлық процестерді автоматтандыру және цифрландыру.
- Қоғамдық қызметтерді жақсарту:
Азаматтарға арналған мемлекеттік және муниципалдық қызметтерді тиімдірек етіп ұсыну.
- Инновацияларды енгізу:
Жаңа технологияларды қолданып, қаланың өмір сүру деңгейін көтеру.
Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүзеге асырылуда. «Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» көрсеткішінің «Ақпараттық технологияларды қолдану» бағыты 2022 жылы 46%-ды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 85%-ға жетті. Ал «Ақылды қалалар» эталондық стандарты бойынша нәтижелер 2022 жылы 55%-дан 76%-ға дейін өскен. Бұл қалада «Smart city» қағидаттарының тиімді түрде енгізіліп жатқанын айғақтайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
