Шымкент қаласының әкімі тазалық пен абаттандыру мәселесіне ерекше назар аударды

Ғабит Сыздықбеков бүгін шаһарды аралау барысында «Авто-Нұр» базары маңындағы аумақты қарады. Әсіресе, тазалық пен абаттандыру мәселесіне ерекше назар аударды.

Бұл ретте кәсіпкерлерге нысанды күтіп ұстауға жауапкершілікпен қарап, уақытылы маңдайшаларды жаңартып отыру қажеттігін ескертті. Аудан әкімі мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына анықталған кемшіліктерді жоюды, аумақты жинау мен қоқыс шығаруға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Әрі қарай қала әкімі Әл-Фараби ауданында орналасқан «Кең баба» саябағындағы заңсыз құрылыстардың бұзылу барысымен және «Спутник» скверінде бой көтеріп жатқан заманауи тік фонтан құрылысымен танысты. Бұл фонтан абаттандырудың басты нысанына айналып, тұрғындардың серуендеуіне әрі демалуына қолайлы жағдай жасайды. Жалпы, қалада кезең-кезеңімен 40 фонтан салу жоспарланған. Оның 15-і пайдалануға берілді, тағы үшеуі алдағы уақытта іске қосылады.

Сонымен қатар Ғабит Сыздықбеков Еңбекші ауданындағы №67 орта мектепке барды. 1960 жылы салынған, 110 орынға есептелген білім ордасы бүгінде жаңартуды қажет етеді. Құрылыс және білім басқармаларына келер жылы жаңа мектеп ғимаратының құрылысын жобалық жоспарға енгізуді тапсырды. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу міндеті қойылды.

Бұдан бөлек, әкім Қойкелді батыр көшесінде теміржол тұйығымен бірге қарастырылған сауда-логистикалық орталық жобасымен танысты. Құны 29 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 65 мың шаршы метрлік қойма кешендері мен 2 450 шаршы метрлік әкімшілік ғимарат қарастырылған. Жауаптыларға аумағы 17 гектар жерге салынып жатқан бұл жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You