Сәрсенбілік брифинг: Шымкенттің агроөнеркәсіп саласы тұрақты дамып келеді

Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек кеңірек айтып өтті.

Шымкент қаласында агроөнеркәсіп кешені соңғы айларда айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. 2025 жылғы қаңтар-шілде аралығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 29,2 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9%-ға артты. Бұл көрсеткіштің негізгі үлесі мал шаруашылығына тиесілі – 23,1 миллиард теңге.

Салада өнімділікті арттыру мақсатында шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бойынша 16 тауар өндірушіге 479 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде сүт өндірісі 4,8%-ға өсіп, 13,2 мың тоннадан асса, құс жұмыртқасы 18,3%-ға көбейіп, 4,5 миллион данаға жетті. Қаладағы мал басы да тұрақты артып келеді: жылқы саны 3,7%-ға өсіп, 20,8 мыңға жетсе, құс саны 14%-ға артып, 1,2 миллион басқа тіркелді.

Егін шаруашылығында да оң нәтижелер бар. Биыл 23 мың гектар алқапқа дақылдар егілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан шаруалар 66 мың тоннаға жуық өнім жинап алды. Сондай-ақ қаладағы 100 гектар жылыжай кешендерінен жылына 15 мың тоннаға жуық көкөніс өндіріледі. Биыл жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығына — 863 миллион теңге, мал шаруашылығына 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Инвестициялық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Қалада қуаттылығы жылына 8,5 мың тонна болатын екі тауарлы сүт фермасы мен көкөніс сақтау қоймалары салынып жатыр. Сонымен қатар, жылына 50 мың тоннаға дейін шұжық өндіретін ет өңдеу зауыттары іске қосылмақ. Түркия мен Польша компаниялары жалпы аумағы 800 гектарды қамтитын заманауи жылыжай жобаларын қолға алды.

Ветеринария саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Қызмет процестері электронды жүйелер арқылы цифрландырылып, малды бірдейлендіру мен ветеринариялық анықтамаларды беру автоматтандырылған. Ветеринар мамандар жаңа автокөліктермен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жалақылары кезең-кезеңімен өсірілуде. Сонымен қатар, 2026–2027 жылдары 6 ветеринариялық бекет салу жоспарланған. Жалпы алғанда, Шымкенттің агроөнеркәсіп кешені өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жобаларды іске асырып, халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында тұрақты дамып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You