
2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары 812,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, көлемін 15,8%-ға арттырды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 89% құрап, 724,2 миллиард теңгеге жетті. Өсім қарқыны республика бойынша орташа деңгейден жоғары болып, қала өңірлер арасында үшінші орынға шықты. Әсіресе, химия өнеркәсібі 2,5 есеге, машина жасау 2 есеге, сусын өндірісі 81,2%-ға артқан. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек жан-жақты ашықтады.
Қазіргі таңда қалада жалпы аумағы 1 276 гектар болатын жеті индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бүгінде онда 685,9 миллиард теңгенің 446 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Оңтүстік», «Тассай», «Жұлдыз», «Бозарық» аймақтарында және арнайы экономикалық аймақта ірі өндіріс орындары іске қосылып, инвестициялар тартылу үстінде. Мәселен, «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару зауыты 30 миллиард теңгелік жоба аясында 112 адамды жұмыспен қамтыды. Ал «ZeineP» компаниясы медициналық бұйымдар өндірісін жолға қойып, 80 жұмыс орнын ашты.
Жалпы, қала экономикасына 2025 жылдың жеті айында 425,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 314,9 миллиард теңгесі жеке инвестициялар саналады.
Алдағы бес жылға арналған жоспар да ауқымды. 2025–2030 жылдар аралығында құны 4,9 триллион теңге болатын 211 жоба іске асырылып, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Тек биылдың өзінде құны 65,7 миллиард теңге болатын 22 жоба іске асып, 1 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Олардың қатарында газобетон, құрылыс материалдары, қағаз, ылғалды майлықтар өндіретін жаңа кәсіпорындар бар.
Шымкенттің индустриалды аймақтары алдағы уақытта да кеңейтіліп, металлургия мен мұнай-химия, тамақ және құрылыс индустриясында ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл қадамдар қала экономикасын нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Естеріңізде болса, Президент кешегі Жолдауында: «Өңірлерге инвестиция тарту барысында арнайы экономикалық аймақтар айрықша рөл атқарады. Алайда олардың көбінің жұмысы мәз емес. Бұл мәселе бойынша әңгімелер талай рет айтылды.
Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру үшін терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауға дайын болуы керек. Арнайы экономикалық аймақтарды басқаруға жеке компанияларды, қажет болса, шетел компанияларын тартуға болады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күш болуға тиіс. Бірақ көбі коммуналдық мүліктерді басқарумен және аса маңызды емес жобаларды жүзеге асырумен шектеліп отыр. Олардың аймақ экономикасына әсері шамалы. Үкімет осындай корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыруы керек.
Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек», — дегенді шегелей айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
