Шымкент қаласында Өзбек этносы күні аталып өтті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Шымкент қаласындағы Орталық саябақта Қазақстан Республикасы өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» кеңінен аталып өтті.

Мерекелік шараның шымылдығы Шымкент қалалық өзбек драма театры әртістерінің Абай мен Әлішер Науаи бейнелерін сомдаған ерекше сахналық көрінісімен ашылып, қонақтар ұлттық құндылықтарды айшықтаған көрмелерді тамашалады.

Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев пен ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов пен «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Усупахметов пен Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев және қоғам белсенділері қатысты.

Концерттік бағдарлама Мемлекеттік Әнұранмен басталып, театр әртістерінің «Қош келдіңіз» композициясымен жалғасты. Мукими атындағы №13 мектептің «Бахор» би ансамблі өзбек халқының ұлттық «Шодлик» биін және қазақ биін тарту етті. Шымкент қалалық драма театры «Сары Жайлау» композициясын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, қалалық опера және балет театрының әншісі Нематилла Зикриллаев Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» және А.Зацепиннің «Тыңда» әндерін орындап, мерекенің сәнін келтірді. Сондай-ақ театр әртісі Шахиста Усманова өзбек халқының әсем әуені – «Мустахзод» әнін шырқады.

Мерекелік жиын барысында бірқатар азаматтар этномәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Қазақ пен өзбек — ежелден Орта Азия кеңістігінде қоян-қолтық араласып, қатар күн кешіп келе жатқан туыс халықтар. Географиялық орналасуында және кейбір мәдени ерекшеліктер болмаса, қазақ пен өзбектің тілі, діні, ділі бір. Түркі халықтарының ішінде бір-бірінен ең соңында ажырап, енші алған халықтар қазақ пен өзбек десек, сірә, қателеспейміз. Бір кездері бір халық болған қазақтар мен өзбектер тағдырдың жазуымен XV ғасырдың екінші жартысында бір-бірінен бөлініп, бөлек отау тікті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You