Сәрсенбілік брифинг: Шымкент шаһарында Иран мемлекетінің 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді

2025 жылғы 12-15 қазан аралығында Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Иран Ислам Республикасының 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді. Іс-шараға инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттар бойынша жетекші ирандық компаниялар қатысады.

Көрме аясында келушілерге әртүрлі өнімдер мен қызмет түрлері ұсынылады. Атап айтқанда, машинамен тоқылған кілемдер мен тағам өнімдері (тәттілер, сүт және құрғақ сүт өнімдері), тұрмыстық химия және гигиеналық тауарлар, полимерлі құбырлар мен құрылыс материалдары, болат және алюминий бұйымдары, сондай-ақ жиһаз, тоқыма бұйымдары және тұрмыстық техника таныстырылмақ. Бұдан бөлек, логистика, транзит және сауда қызметтері, мұнай-газ саласына арналған инженерлік және техникалық жабдықтар салалары бойынша да заманауи үлгілер ұсынылады.

Көрмеге Иран мемлекетінің сауда палатасы, «Нуре Тус» экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтары қатысады. Бұл алаң қазақстандық кәсіпкерлерге ирандық серіктестермен тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапынан іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысуы жоспарланған.

Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, көрме Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және екі ел арасындағы жаңа ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды шара болмақ.

Талдай айтқанда, Қазақстан мен Иран — табиғи серіктестер. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Иран алғашқылардың бірі болып Қазақ елінде өз елшілігін ашты. Бұл Қазақстанмен қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетеді. Мұның көптеген себебі бар, соның бірі — қос мемлекеттің жақындығы. Иран — Каспий теңізінің арғы жағындағы көршіміз. Сондықтан көршілер барлық салада: экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық, тіпті әлеуметтік салаларда терең байланыста болуы керек. Екі елдің қарым-қатынасы соңғы бірнеше онжылдықта белсенді дамып келеді. Иран — маңызды транзиттік жол. Солтүстік-Оңтүстік дәлізі Иран Ислам Республикасы арқылы өтіп, оңтүстік теңіздерге шығуды қамтамасыз етеді. Бұл Қазақстанның дамуы үшін маңызды. Екі ел аймақтық және халықаралық ұйымдар аясында жақсы қарым-қатынасқа ие. Қос тарап Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) және Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) сияқты ұйымдардың мүшелері болып табылады. Біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) аясында да тығыз ынтымақтасамыз. Біздің халықтарымыздың арасында тарихи байланыс бар. Бір сөзбен айтқанда, елдеріміз арасында достық, бауырластық қарым-қатынас дамып келеді. Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 340 миллион доллардан асқаны да белгілі. Екі ел арасындағы тауар айналымы екі миллиард доллардан асқан кезеңдер болды. Сондықтан бұл үрдістің жалғасын табуы — заңдылық. Қазақстан басшылығының Иранға соңғы сапары барысында мемлекет басшылары өзара тауар айналымын үш миллиард долларға жеткізу туралы шешім қабылдады. Бұл әртүрлі экономикалық шешімдерді қажет ететін елеулі көрсеткіш. Қазақстандағы Иран елшілігі мен Қазақстанның Ирандағы елшілігі осы мақсаттарға қол жеткізу және елдеріміздің мемлекеттік және жеке секторлары арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бағдарламалар әзірледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You