Созақ ауданында «Айгүлдің әсем әндері» атты облыстық әншілер байқауы өтті

Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында әнші һәм сазгер Айгүл Бажанованың шығармашылығына арналған «Айгүлдің әсем әндері» атты облыстық әншілер байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – өнер өлкесіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған талант иесінің шығармашылығын дәріптеу, жас әншілердің орындаушылық шеберлігін шыңдап, өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов құттықтау сөз сөйлеп, сазгердің қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Айгүл Бажановаға аудан әкімінің естелік сый-сияпатын табыс етіп, құрмет көрсетті.

Байқауға Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан келген 16-35 жас аралығындағы жас таланттар қатысып, сазгердің жүрек тербеген әсем әндерін жанды дауыста орындады.

Жас өнерпаздардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында:

– Айгүл Бажанова – әнші, сазгер, қазылар алқасының төрайымы;

– Нұрғайша Балаубекова – аудан әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы;

– Гүлнар Төлегенова – республикалық және облыстық байқаулардың лауреаты, әнші;

– Шәмшінаhар Аппазова – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, термеші;

– Нұрсұлтан Шертаев – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы болды.

Көрермен қауым аймақтың түкпір-түкпірінен келген үміткерлердің әсерлі әндерін жылы ықыласпен қабылдап, өнер додасы жоғары деңгейде өтті. Байқау соңында қазылар алқасы үздіктерді анықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You