
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында мәдениеттің маңызды ордасына айналатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан нысанда оқу залдары, ақпараттық ресурстар орталығы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер қарастырылған. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 2 536 шаршы метрді, ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар жобада асфальтталған жолдар, көгалдандыру және жарықтандыру жүйелері, жасыл аймақтар, кіреберіс алаңы мен автотұрақ орындары толық қамтылған. Кітапхана құрылысы өңірдің климаттық және сейсмикалық ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілуде.
Сонымен қатар, Жеткіншек шағынауданында жеке инвестордың қаржысы есебінен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысымен де танысты.
Аудан басшысы нысандарда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс талаптарының сақталуын тапсырды.
Бұдан бөлек бүгін Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімі заманауи құтқару құрал-жабдықтарымен толықты. Арнайы техникаларды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков табыстады.
Жаңа гидравликалық-құтқару кешенінің құрамына бензинмен жұмыс істейтін гидравликалық станция, әмбебап қысу-қию саптамасы (насадкасы), гидравликалық қайшысы, катушка-ұзартқышы және екі жақты әмбебап көтергіш (домкрат) бар. Барлық құрылғылар арнайы қол сорғысымен және монометр адаптерімен толық жасақталған.
Аталған жабдықтар төтенше жағдай кезінде адамдарды құтқару, көліктер мен қирандылар астынан шығару, сондай-ақ апатты жағдайлардың салдарын жою жұмыстарын қауіпсіз әрі жедел орындауға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы: «Қауіпсіздік — қоғамның басты басымдығы. Сондықтан құтқарушылардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше мән беріп келеміз. Бұл құрал-жабдықтар төтенше жағдайлардың алдын алу мен жедел әрекет ету сапасын арттырады», – деді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
