
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Сауран аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, Сауран аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байыспаев, аудандық ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының мүшелері, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері қатысты.
Мереке тарихи қойылыммен басталып, аудан басшысы ардагерлерге жүрекжарды лебізін білдірді.
– «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол болар» деген халық даналығы бар. Ардагерлеріміз – еліміздің алтын қоры. Бүгінде ауданымыздағы ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз негіз болып отыр. Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, – деді Мақсат Таңғатаров.
Шара барысында ауданның әлеуметтік дамуына үлес қосқан бірқатар қарияларға «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табыс етілді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев ардагерлерге ізгі тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде аудан ақсақалдар сөз алып, жастарды елдікке, бірлікке, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, шараға сән берді. Қонақтарға ақ дастарқан жайылып, қарттарға айрықша құрмет көрсетілді.
Бұдан бөлек осы тұста атап өтерлік жайт, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында Сауран ауданының қариялары өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған өндірістік паркіне арнайы сапар жасады. Іс-шара аясында ардагерлер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырған өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Сапар барысында қариялар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехында болды. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен ауыл шаруашылығына арналған заманауи айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналарды өндіруде. Ардагерлер өнімнің сапасына жоғары баға беріп, ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызын атап өтті.
Бұдан бөлек, қарияларға өндірістік алаңда орналасқан білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Aqniet Holding» кәсіпорны таныстырылды. Соңғы үш жылда бұл компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһазбен қамтамасыз етіп үлгерген. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық стандартына сәйкес жиһаз түрлері жасалса, сондай-ақ «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлескен жобалар аясында медицина мекемелеріне арналған жабдықтар өндіріледі.
Бұл игі шара қарттарға құрмет көрсетіп қана қоймай, олардың ауданның даму қарқынымен етене танысуына мүмкіндік берді. Ардагерлер өндірістік паркте іске асырылып жатқан жобалардың аймақ экономикасына тигізер пайдасын ерекше атап өтіп, жастарға өнеге боларлық еңбекті жоғары бағалады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
