
Кентау қаласында “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы аясында және қала аумағын көгалдандыру мақсатында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға үш мыңға жуық қала тұрғыны, мемлекеттік және мекеме қызметкерлері, еріктілер және қала жанашырлары қатысты.
Сенбілік барысында тұрғындар қаланың көшелері мен арықтар, қоғамдық аумақтарды тазалап, 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 17 арнайы техника тартылды.
Сонымен қатар, сенбілік аясында Кентау қаласына кіреберіс аймақта ағаш отырғызу акциясы өтті. Табиғатты қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында өткізілген бұл игі шарада екі мыңға жуық тал көшеттері егілді.
Шараға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, тұрғындармен бірге ағаш отырғызды. Қала әкімі өз сөзінде белсенділік танытқан қала тұрғындарына алғысын білдіріп, мұндай шаралардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Жалпықалалық сенбілік пен ағаш отырғызу шарасы Кентау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Қазан айында да Кентау қаласында жалпықалалық сенбіліктер жүйелі түрде ұйымдастырылды. Аталмыш шараға мыңнан аса қала тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және қала жанашырлары қатысып, қаланың тазалығы мен көркейту ісіне өз үлестерін қосты. Сенбілік барысында 13 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Сонымен қатар, Сақ Мәулеқұлов саяжолы мен оның айналасындағы жасыл аймақтарға жалпы саны 30 түп қарағай ағашы отырғызылды. Мұндай игі істер қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жанашырлық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.
Кентау қаласының әкімдігі барша тұрғындарды туған қалаларының тазалығы мен көркіне үлес қосуға, сенбілік шараларына белсенді қатысуға шақырады.
Еске салайық, биыл Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу маусымы 3 қарашада басталды. Биыл 510 750 түп көшет отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін орман шаруашылығы мекемелері тарапынан 401 475 түп көшет босатылған. Ал аудан, қала әкімдіктері тарапынан шұңқырлар қазу, қоршау және суару жүйелерімен қамту жұмыстары 70 пайыз көлемінде атқарылып, 340 мың түп көшет отырғызылыпты. Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сайрам, Ордабасы, Төлеби, Бәйдібек, Түлкібас аудандары жоспарды толық орындады. Бұл мәселе Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында тұр.
Облыс әкімі елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бағытында жұмыстарды жандандыруды және күтімін күшейтуді тапсырған-ды. Саладағы кемшіліктерге тоқталып, сын-ескертпелер де айтылып жүр.
Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болысбек Шәріпбековтің мәлімдеуінше, Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша 5 жылда елді мекендерде 15 миллионан астам ағаш отырғызу жоспары бекітілген. Іс-шара жоспарында облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 млн. көшет егу тапсырылған. Өткен жылы өңірде 2,7 млн. көшет отырғызылып, жоспар артығымен орындалды. Биыл аудан, қалаларды көгалдандыруға 1 миллионнан астам көшет егу жоспарланып, оның ішінде 509 мың түп көктемгі маусымда отырғызылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудан, қалаларға және орман шаруашылығы мекемелеріне көшет босату мен алып-кетудің механизмі жасалып, жауапты тұлғалар бекітілген. Ағаш отырғызу барысы арнайы жұмысшы топтармен қадағалануда. Көшет отырғызу жұмыстары аяқталғаннан кейін, атқарылған жұмыстардың сапасын анықтау, қоршаулары мен суғару жүйелерінің іске қосылуы бойынша қорытынды тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелері орналасуы бойынша жақын аудан, қалаларға олардың климаттық ерекшелігін ескеріп, жерінің тұзды, сортаң, тас-топырақты болуына байланысты биіктігі 1,5 — 3 метр болатын жергілікті жерсіндірілген жапырақты (қарағаш, шаған, айлант, ясень), қылқанды (бозарша, арша, қарағай) жеміс ағаштары (өрік, алма, шие, шабдалы) мен биыл гүлді ағаш, бұта (бирючина, лигустра) түрлерін босатып, стандартты көшеттерді отырғызуға басымдық беріліп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
