
Қарт Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орын тепкен Түлкібас ауданы — туризм саласы дамыған өңірлердің бірегейі. Тау бөктері, өзендері мен мөлдір бастаулары халық арасында «екінші Швейцария» атанып, мұнда келген қонақтар да табиғатының әсемдігіне таңдана қарайды.
Осы тұста Түркістан қаласында өткен «Turkistan International Investment and Tourism» форумы аясында өңір туризмін дамытуға бағытталған маңызды жобалар мақұлданды. «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС президенті Чан Минг бастаған шетелдік бизнес делегация Түлкібас ауданына барып, өңірдің туристік әлеуетімен танысты.
Сапар барысында Иірсу елді мекені маңынан жаңа туристік аймақ құру, сондай-ақ Ақсу шатқалында көру алаңшасын салу жобалары зерделенді. Бұдан бөлек қонақ үйлер, этноауыл кешені және туристерді тартуға бағытталған өзге де нысандар тұрғызу жоспарлануда. «Шымшық сойса да, қасап сойсын» демекші, бұл жерде әлемде құз үстіне көру алаңдарын соғуда тәжірибесі мол Қытай елі мамандарының көмегіне жүгініп, елімізде теңдесі жоқ аталған жобаны жүзеге асыруға басымдық берілмек. Келген қонақтарға қонақжайлық көрсетіліп, тау етегінде ұлттық тағамдарымыздан дәм ұсынылды.
Сондай-ақ, инвесторлар «Beibars-Bottlers» зауытының өнімдерімен танысып, кәсіпорынның жұмысын оң бағалады. Аралау жұмыстары «Ақсу-Жабағылы» қорығының музейінде жалғасын тапты.
Айта кетерлік, инвесторлардың аудандағы іссапары тағы да 2 күнге жалғасын табатын болады. Ол күндері қонақтарға аудан аумағындағы жаңа жобалар мен іске қосылған кәсіпорындар таныстырылатын болады. Жалпы, Түлкібас ауданында туризмді дамытуға бағытталған жаңа жобалар аясында жан-жақты жұмыс жүргізілмек.
Атап өтерлігі, Түлкібас ауданында жыл соңына дейін жалпы құны 50 миллиард теңгеден асатын 9 жоба іске асырылмақ. Оның 6-ы өнеркәсіп саласында болса, туризм саласында 3 жоба қолға алынады деп жоспарланған. Аталған жобалар өз кезегінде аудан халқына 600-ден аса қосымша жұмыс көзін ашып ғана қоймай, сондай-ақ бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға зор септігін тигізбек.
Бұл туралы Түлкібас ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бекайдар Құрманалиев баяндады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласына жауапты бөлім басшысы аудан әкімінің аймақта шағын және орта бизнесті дамыту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, елді мекендер шегінен шағын өндірістік парктерді ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті.
Қазіргі таңда Майлыкент, Т.Рысқұлов, Балықты, Жаскешу, Тастұмсық ауылдық округтерінен шағын өндірістік аймақ ашу бойынша жер телімдері қаралып, онда кәсіпкерлік нысан соғуға қызығушылық білдіріп отырған инвесторлар анықталып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
