
Түркістан облысының аумағында қатты тұрмыстық қалдық тастайтын 128 полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер сараланды.
Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселені шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру керек. Аудан, қала әкімдіктері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін. Ал аудан, қала әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы қажет, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы бағыттағы жұмысты дұрыс атқармай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, уәждерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.
Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыстық бюджеттен 598 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 537,7 миллион теңге.
Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғысын алды.
«Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Ағымдағы жылдың 10 айына сәйкес, 30%-ға орындалды. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%- ға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапарының» түсірілімі нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, бүгінде толық тазалау жұмыстары жүргізілген.
Айтпақшы, 25 қараша күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының елдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде әзірленді. Негізгі тәсілдер туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев баяндады. Сондай-ақ өңір әкімдері мен Ecojer салалық ұйымы өкілінің баяндамалары тыңдалды.
Өз кезегінде Жомарт Әлиев Тұжырымдама шеңберіндегі жоспарланып отырған шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, негізгі үлес өнеркәсіптік қалдықтарға тиесілі: жыл сайын жүздеген миллион тонна жердің беткі жыныстары мен техногендік минералдар жиналады. Кәсіпорындарда қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыратын немесе міндеттейтін механизмдер жоқ, сол себепті қалдықтар жылдар бойы жиналып, экологиялық қауіп тудырып жатыр.
«Қалдықтарды дұрыс басқару – өңіріміздің экологиясы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Экономиканың өсуі, құрылыс көлемінің артуы және тұтынудың өзгеруі барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне алып келді. Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен төрт жарым млн тонна қалдық түзіледі, алайда оның тек 25–26%-ы ғана қайта өңделеді. Қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі. Тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40%-ын құрайды, бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ. Құрылыс қалдықтары заң бойынша көмуге болмайтынына қарамастан, әлі де полигондарға түсіп немесе стихиялық қоқыс санын көбейтіп жатыр. Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді», — деді вице-министр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
