Түркістан облысы: Төлебилік оқушылар Америкада өтетін әлемдік жарыста ел намысын қорғамақ

Төлеби ауданындағы мамандандырылған мектеп-интернатының «TOLEBI DARYN» командасы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін әлемдік деңгейдегі «FIRST Championship» жарысына жолдама жеңіп алған болатын. Ел намысын қорғайтын жастармен аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы кездесті.

Кездесу барысында аудан басшысы Еркеғали Әлімқұлов жас өрендердің робототехника саласындағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, олардың еңбегі мен ізденісіне шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, халықаралық додаға қатысу – үлкен жетістік әрі аудан үшін зор мақтаныш екенін атап өтіп, оқушыларға сәттілік тіледі.

Басқосуда аудан әкімі оқушылардың еліміздің абыройын асқақтатарына сенім білдіріп, дарынды жастарға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен қатар білімді шәкірт тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналарға да алғысын білдірді.

Айта кетейік, «TOLEBI DARYN» командасы соңғы жылдары робототехника және инженерлік инновациялар бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, команда «CENTRAL ASIA FIRST Championship 2026» жарысында екі бірдей ірі марапатқа ие болды. Осы жетістіктердің нәтижесінде «TOLEBI DARYN» командасы абсолютті чемпион атанып, 2026 жылғы 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін «FIRST Championship» әлемдік жарысына Қазақстан атынан қатысуға жолдама алды.

Білім демекші, Түркістан облысында 2500 үміткер қатысқан республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының финалдық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Білімділер додасы Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өтті. Аталған жоба жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, зияткерлік әлеуетін дамытуға және ой-өрісін кеңейтуге бағытталған. Финалдық кезеңге іріктелген үздік 3 команда қатысып, өзара бәсекеде бақ сынады. Финал барысында қатысушылар терең білімдерін, логикалық ойлау қабілеттерін және жоғары дайындықтарын айқын көрсетті. Әрбір кезең тартысқа толы өтіп, әр сұрақ шешуші сәтке айналды. Қатысушылар жылдамдық пен дәлдікті ұштастыра отырып, командалық үйлесімділіктің жоғары деңгейін танытты.

Тартысты дода қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Атап айтқанда, Сайрам ауданының «IQ Elite» командасы I орынды жеңіп алды. Екінші орынға Алматы қаласынан келген «A team» командасы ие болса, ал үшінші орынды Келес ауданының «Keles Oilap» командасы еншіледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы марапаттап, қатысушыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар ойын барысында ерекше белсенділік танытқан бірқатар командалар мен қатысушылар арнайы номинациялармен және ынталандыру қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кетсек, «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жастардың дамуына серпін беретін ірі жобалардың бірі болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You