
Түркістан облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қалыпты өтуі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында тұр. Апта басында өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тағы бір рет саралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірде көмір қоры жеткілікті, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер толығымен жылумен қамтылған.
Қазіргі таңда облыстағы барлық қазандықтар температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру процесі тұрақты түрде қамтамасыз етілген.
Облыс бойынша көмір отынына қажеттілік 580,4 мың тоннаны құрайды, оның 515,6 мың тоннасы немесе 88 пайызы жеткізілген. Бюджеттік мекемелер — 100 пайыз, жеке тұрғындар 95 пайыз қамтамасыз етілген. Жылыжайлардың қамтылуы — 80 пайыз деңгейінде. Аудан және қалалардағы теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыжайлардың нақты қамтылуы 213,4 мың тонна болып отыр.
Облыста газбен жабдықталған елді мекендердегі 333 753 абоненттің 323 634-і газға қосылған. Ал 1 886 абонент түрлі себептермен қосылмаған, 8 233 абонент – бос учаскелер немесе құжаттары жоқ тұтынушылар. Бұл мәселе бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, жұмыстар Арыс және Кентау қалаларында күшейтілген. Аудан, қала әкімдіктері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесе отырып, газға қосылмаған тұтынушыларды толық қамту жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Газ инспекциясы» мекемелері улы газдан уланудың алдын алу жұмыстарын күшейтті. Облыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 300 мыңнан аса нысан араланып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Оның ішінде 1 005 білім беру ұйымы, 594 денсаулық сақтау нысаны, 76 спорт нысаны, 265 мәдениет мекемесі, 23 жұмыспен қамту орталығы, 29 589 кәсіпкерлік нысан, 99 қонақ үй мен жатақхана, 205 монша, 271 886 жеке тұрғын үй және 1640 көпқабатты үй тексерілген.
Еске салайық, облыс көлемінде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету қызметімен айналысатын 7 коммуналдық кәсіпорын бар («Кентау Сервис» МКК, «Жылу» МКК, «Арыс жылу» МКК, «Сарыағаш Тұрмыс» МКК, «Ленгер-су» МКК, «Шолаққорған-су» МКК, «Отырар-жылу» МКК). Оның ішінде Кентау қаласындағы №5 жылуэнергоорталық (ЖЭО) бойынша жаңа газ турбиналы электр стансасын салу арқылы Кентау қаласындағы Кентау №5 ЖЭО-ны кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ұсынысты іске асыруды «Қазақстандық Коммуналдық жүйелері» ЖШС ұсынуда. Станса сағатына 240 МВт электр энергиясын өндіру арқылы өңірдің электр энергиясына деген дефицитті төмендетіп, тұрақты электр энергиясымен қамту көзделуде. Станса арқылы өндірілген 160 Гкал жылу энергиясы Кентау қаласын сапалы және үздіксіз жылу энергиясымен қамтамасыз ететін болады.
Құны 166 миллиард теңгені құрайтын станса құрылысы толықтай инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылады. Бүгінгі таңда жобаны құқықтық рәсімдеу мақсатында дайындалған келісімшарттың жобасы әзірленіп, электронды порталға орналастырылды.
Кентау қаласына мемлекеттік міндеттеме қабылдау үшін жоба жергілікті мәслихаттың кезекті отырысының қарауына енгізілді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2026–2028 жылдарға белгіленген.
Жылыту маусымы кезінде апатты жағдайлардың алдын алу бойынша рейдтік шаралар жүргізіліп жатыр
Биыл облыс аумағында 390 өрт дерегі тіркелді. Тілсіз жаудан 18 адам қайтыс болып, 13 адам жарақат алған. Бұл туралы өткен брифингте Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жасұлан Айнабек мәлімдеді.
«Облыс аумағында орын алған өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында, автокөлік құралдарында, сауда орындарында, бидай және орман алқаптарында орын алған. Жыл басынан бері өрттен болған материалдық шығын 1 миллиард 729 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, газдан улану дерегі бойынша 1 жағдай тіркелген. Оқиға салдарынан 2 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алған. Жергілікті әкімдіктер тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мұржалары тазартылды. Атаулы іс-шараға төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, газ инспекциясының мамандары қатысты. Облыс көлемінде жүргізілген рейдтер нәтижесінде ТЖД қызметкерлері 37 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады. Жылыту маусымында пештерді тазалау жұмыстары кемінде 3 айда бір рет жүргізілуі тиіс. Түтін арналары өтетін пештер, құбырлар мен қабырғалардың беттері ақаусыз, жарықсыз болуы міндетті. Пештен алынған күл мен от қалдығына су құйып, ғимараттардан кемінде 15 метр қашықтықта орналасқан жерге апарып тастау қажет», — деді спикер.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
