Түркістан облысы: Түлкібас ауданында туристік-сауықтыру кешені бой көтеріп жатыр

Түлкібас ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені бой көтеруде.

Кешеннің негізгі бағыты – саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуендеу, сондай-ақ ұлттық тағамдарды, соның ішінде таба нан мен қолдың майын дайындау дәстүрін жандандыру.

Аудан әкімі Асқар Естібаев аталған нысанның құрылыс барысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба 2026-2027 жылдар аралығында 3 кезеңмен жүзеге асады. 1-кезеңі 2026 жылы жүзеге аспақ. Кешенде жалпы ауданы 1280 шаршы метр заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша, 3 бірегей типті коттедж аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет жасайды. Әр коттедждің аумағы 160 шаршы метрді құрайды. Ал, 2-кезең 2026-2027 жылдары жүзеге аспақ. Бұл кезеңде заманауи спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг, 5 киіз үй, қарастырылған. Одан бөлек, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен 2 аспалы көпір салу, тау бөктерінде 1,5 шақырым жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жүргізілмек.

Кешеннің алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында ашылады деп жоспарлануда. Нысан іске қосылғанда, ауданның туризм саласы жаңа қарқын алып, өңір экономикасының дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз.

Атап өту керек, Президент өз Жолдауында туризм саласын жүйелі түрде дамыту және туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы бұл бағыттың ел экономикасын әртараптандыру мен халықаралық имиджді арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді.

Мемлекет басшысының қолдауымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Жыл басынан бері 500 мыңнан астам турист өңірге келіп, 5,5 миллиард теңге табыс түсті. Туристерге жаңа бағыттар мен өнімдер ұсыну мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласында Есу арнасы каналы мен Қолөнершілер орталығының құрылысы аяқталды. Жыл соңында 99 гектар аумақты қамтитын ипподром пайдалануға беріледі. Аталған нысандар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Қазіргі таңда Түркістан облысына келген туристтер саны 400 мың адамға жетіп, 2024 жылдың тиісті кезеңінен 8,1%-ға өскен. Бұдан бөлек, тарихи орындарға 911,2 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 12,4%-ға өскен. Туризм саласына инвестиция тарту және инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы сомасы 11,3 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде, «Түркістан – Арыстанбаб» және «Батыс Қытай – Батыс Европа» автожолынан Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған.

2025 жылдың 10 айында туризм саласына 58,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, көрсеткіш өткен жылмен салыстарғанда 26,6%-ға өскен. Туристерге қосымша өнімдерді ұсыну мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығын бюджет есебінен аббаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы іске қосылды 

Елімізде баламасы жоқ «Есу каналы» іске қосылды. ТМД елдерінде тек Мәскеу және Самарқан қалаларында ғана бар. Каналдың салынуы туризмнің және оның ішіндегі спорттық туризмнің дамуына септігін тигізеді. Отырар ауданның туристік әлеуетін ескере отырып Арыстан баб кесенесінде «Otyrar» visit centre жобасын іске асыру жоспарланған.

Қазіргі таңда «Визит орталығы» жобасын іске асыру бойынша «Pana Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Отырар қалашығының макетін қалыптастыру үшін қайта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, туризм бағытында дамыту жобалары пысықталуда. «Аталған жобаның негізінде ескі қаланы туристерге ұсыну үшін арнайы инвестициялық ұсыныстар дайындалатын болады және инвесторлар тарту жоспарымызда бар», — дейді облыс басшысы Нұралхан Көшеров.

Бұдан бөлек, өңірде 26,1 миллиард теңгеден асатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 1130 жаңа жұмыс орны ашылады (тұрақты – 620, уақытша – 510). Келетін туристерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы әуежайының ұшу географиясын кеңейту жұмыстары да атқарылуда. Осы орайда, «Түркістан – Самарқан, Түркістан – Бұхара, Түркістан – Үргеніш» бағытында әуе рейсін ашу жұмыстары жүргізіліп, «Scat Air» әуе компаниясымен рейстер іске қосылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You