![]()
Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-тарихи музейінде маңызды шара өтті.
Нақтырақ айтсақ, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы батырларының ұрпақтарына «Ерлігі және борышын өтегені үшін» медальдарын қайтыс болғаннан кейін алтыншы рет табыстау рәсімі жасалып отыр. Осы шара аясында Сайрам ауданының тумасы, 1925 жылы дүниеге келген, 1944 жылы Беларусьтің Витебск облысына қарасты Городок ауданының Щарки деревнясында қаза тапқан Елемес Жондеровке көрсеткен ерлігі үшін құрмет көрсетілді.
Осы марапатты елге жеткізуге ерекше үлес қосқан Сайрам ауданы бойынша Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Бахтияр Сейдаханұлы Батаевты Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев алғыс хатпен марапаттады. «Бұл – батыр есімін ұлықтауға, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтардың еңбегіне деген құрмет», — деп білеміз деді өз сөзінде аудан басшысы.
Орайы келгенде, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді күшейтуге бағытталған тағы бір шараны тілге тиек етсек.
Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевты туған күнімен құттықтау мақсатында Сайрам аудандық қорғаныс істері жөніндегі (ҚІЖБ) бөлім бастығы, подполковник Ғалымжан Тоқтарұлы Балғынбаев пен Сайрам ауданы бойынша Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектер одағының төрағасы Бахтияр Батаев, Сайрам ҚІЖБ бастығының көмекшісі Шарафуддин Анварбеков пен Д.Қонаев атындағы колледждің ұстазы Бахтияр Шерниязов ардагердің отбасына арнайы барып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, майдангер ақсақал 1926 жылғы 10 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-інші атқыштар полкында қызмет жолынан өтті. Қатардағы жауынгер әскери шенін алған ол Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға, Германиядағы ұрыстарға қаймықпай қатысты. 1949 жылғы 10 сәуірде жарақат алмай, әскерден қайтты.
ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық сегіз медалімен марапатталған. Әскерден келгеннен кейін 1950 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Ә.Науаи атындағы ұжымшарда жүргізуші болып істеді.
Бүгінгі таңда Қарабұлақ ауылындағы Ашбұлақ көшесінде тұрады. 9 баласы, 28 немересі, 5 шөбересі бар қарияның ұрпағына ертеңгі күнге сеніммен қарап, бейбіт те тыныш заманның қадірін білу жайында айтары мол.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
