Сайрам ауданының дамуына жауапкершілікпен үлес қосқан жандар марапатталды

Loading

Енді рет-ретімен баяндайық. 37 жылдық еңбек өтілі бар Арсланқұл Тұрсынқұлов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Президенттің марапатын Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев жеткізді. Ол — Қожақорған ауылында ұзақ жылдар бойы қоғамдық өмірдің дамуына, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға және жастар тәрбиесіне айрықша үлес қосып келе жатқан азамат.

Арсланқұл Тұрсынқұлов еңбек жолында көлік жүргізуші, механизатор болып, түрлі кәсіпорындарда жауапты қызметтерді атқарып, адал еңбегімен ерекшеленген. Зейнетке шыққаннан кейін де елден қол үзбей, Қожақорған ауылының биі ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр.

Ол ауылдағы көпірлердің салынуы мен жөнделуіне бастамашы болып, «Қарасу» және «Достық» көпірлерінің құрылысында белсенділік танытқан. Сонымен бірге көшелерді жөндеу, жарықтандыру, электр бағаналарын ауыстыру, аяқжол салу, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Бұдан бөлек Арсланқұлдай азамат учаскелік комиссия құрамында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың жағдайын анықтауға, сондай-ақ жастар арасында футбол, волейбол, теннис секілді спорт түрлерін дамытуға да үлкен үлес қосқан. Елге сіңірген осындай көпжылдық қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі мемлекеттік деңгейде бағаланып отыр.

Мұнан өзге Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев аудандық кітапхана саласында 40 жыл бойы талмай еңбек етіп, саланың дамуына айрықша үлес қосқан ардагер кітапханашылар — Үміт Есболаева мен Роза Нарботаеваға да Алғыс хат табыстады. Бұл марапат – кітапхана ісін дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру және жас буынның білімін кеңейту жолындағы көпжылдық еңбектің лайықты бағасы.

Сержан Дауылбайұлы өз сөзінде: «Жұмысшылар жылы аясында сіздердің көпжылдық адал еңбектеріңізді атап өту – біздің міндетіміз. Кітапхана саласы үшін сіңірген еңбектеріңіз, кәсіби біліктіліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз ауданның мәдени-рухани дамуына зор үлес қосты. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жаңа бастамаларға береке тілеймін», — деп атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You