Сайрам аудандық ақсақалдар кеңесінің тоқсандық отырысы ұйымдастырылды

Loading

Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІV тоқсандағы отырысы өтті.

Аталған отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Есалиев қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқысы: Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің IV тоқсандағы атқарған жұмыстары. Екіншісі: Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің 2026 жылға арналған іс-шара жоспарын талқылау.

Отырыс барысында Базарбай Мамадиярұлы: «Біздің қоғамға тән бір ерекшелік — өзгеден қатаң тәртіпті талап ете отырып, өзімізге келгенде босаңсып кету. Заң нормалары баршаға бірдей жұмыс істеп, әрбір азамат тарапынан мүлтіксіз орындалуы тиіс. Заң мен тәртіпті сақтауды өзімізден бастау керек», -дей келе, ұлттың құндылықтарын дәріптеудің, ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Ал аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Алжан Райымбердиев өз сөзінде: «Бірлік — адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың белгісі. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды», — деп, өзекті ойымен бөлісті.

Өз кезегінде: «Адамның қоғамдағы һәм күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш — қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі», — деді ауданның бас имамы А.Оспанов.

Жиын соңында ақсақалдар ел игілігі үшін жасалатын істерге ақ баталарын беріп, отырысты қорытындылады.

Татулық демекші, естеріңізде болса, жуырда ғана Ақсукент ауылында орналасқан Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжі және «Ардақты ана» музейінің мәжіліс залында «Татулық пен келісім – халық даналығының мәңгілік аманаты» тақырыбында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің көшпелі отырысы өткен болатын. Мақсаты – қоғамда татулық пен келісім идеяларын дәріптеу, жастар арасында адалдық пен отансүйгіштік қасиеттерді нығайту.

Іс-шараға Түркістан облысы облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нұржан Сапарханұлы Файзиев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Айтбаев, аудандық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Қабылбеков, Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Кездесу барысында сөз алған Нұржан Сапарханұлы ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңыздылығы, заңға құрмет және азаматтық жауапкершілік туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Қатысушылар осындай кездесулер ел бірлігін арттырып, қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам екеніне сенім білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You