![]()
Кентау қаласында халқымыздың дәстүрлі «Асар» құндылығын жаңғыртуға бағытталған «Асарлат» акциясының кезекті шарасы өтті. Кентау қалалық Руханият орталығы ұйымдастырған бастама тұрғындарды бірлікке, өзара көмекке және қоғамдық жауапкершілікке үндеді.
Іс-шара барысында Құралбаев көшесіндегі 114, 116, 118 және Әл-Фараби көшесіндегі 102 көпқабатты үйлердің тұрғындары ортақ іске жұмылып, аулаларды абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Қазақ халқының дәстүрінде «Асар» – көпшілік болып бір адамның немесе отбасының белгілі бір ісіне қолдау көрсетуге, ортақ жұмысты жұмыла атқаруға негізделген ізгі дәстүр. Оның өзегінде өзара көмек, ағайындық байланыс, ынтымақ пен жауапкершілік ұғымдары жатыр.
«Асарлат» акциясы арқылы осы дәстүрдің тәрбиелік және қоғамдық мәнін қазіргі ортада жаңғырту көзделіп отыр. Бастама тұрғындардың ортақ іске белсенді араласуына ғана емес, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірмен сабақтастыра насихаттауға мүмкіндік береді.
Кентауда мұндай бастамалардың жалғасуы ұлттық дәстүрдің мазмұнын кейінгі ұрпаққа түсіндіруге, қоғамдық ынтымақты нығайтуға және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
