![]()
Бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде Ақсукент ауылында орналасқан А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің мәжіліс залында ақпараттық-насихат тобының мүшелерінің қатысуымен «Отан отбасынан басталады» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Мақсаты — жас ұрпақтың санасына Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, еліне адалдық, азаматтық жауапкершілік сынды құндылықтарды сіңіру.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы Айтбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық Медиация кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Сайера Мирзалиевана Даванова, Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сейдуалы Абдуллаұлы Ештаев, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Оралбекқызы Абзелова және этнос жастары қатысты. А.Қабылбеков: «Ақсақалдар институтының тәрбиелік кеңесі — ұлттық тәрбие мектебі. Ұрпаққа бағыт-бағдар беру, өнегелі сөз айту – ата-бабадан қалған аманат», — деп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлкендер қай кезде де үлкендер жауапты екендігін кеңірек насихаттады. Ал С.Ештаев қоғамдағы жастардың әр бастамасын қолдап, олардың белсенділігін арттыруға әскери-патриоттық тәрбиенің жас буынның дүниетанымын қалыптастырудағы орны ерекше екенін атап өтті. Өз кезегінде С.Даванова: «Медиация адамдарды түсіністікке, сабырлылыққа, мәдени диалогқа шақырады. Жастар жанжал емес, келісім жолын таңдауды үйренуде медиация мәдениетінің маңыздылығы жоғары», — дегенге тоқталды.
Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы осындай жаңа форматтағы кездесулер қоғамдағы ішкі тұрақтылықтың сақталуында, жастардың бойында салауатты сананы қалыптастыруда өз жемісін беретіндігіне сенімді екенін айтты.
Отбасы демекші, назар салар тағы бір ақпарат, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларын орындау мақсатында №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында мекемеаралық кездесу өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы Ж.Утегенов, аталған орталықтың консультациялық және кешенді сүйемелдеу бөлімшесінің меңгерушісі Ғ.Медеуов, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бас инспекторы, Сайрам ауданы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның хатшысы Х.Тойчибаев, облыстық психологиялық қолдау орталығының Сайрам ауданына бекітілген психологы У.Орынбаева, «Болашақ» жастар денсаулық орталығының психолог маманы Б.Куанишов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қ.Мұсаева, әдіскерлер Д.Марифханова, Г.Алтеева мен Ф.Жамансариева, сондай-ақ барлық білім беру мекемелерінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтары және әлеуметтік педагогтері қатысты.
Семинар барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралып, сала мамандары маңызды ақпараттармен және өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда: кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың пайда болу себептері, тәуекел факторлары және оны алдын алу тәсілдері талқыланды; білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау қызметін тиімді ұйымдастырудың өзекті тұстары, соның ішінде ерте анықтау, уақытылы араласу және мамандардың кәсіби қолдауы мәселелері қарастырылды; мектеп пен ата-аналар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту, ақпарат алмасуды жүйелеу жөнінде ұсыныстар берілді; құқықтық, медициналық және әлеуметтік қызметтердің үйлесімді жұмысы мен ведомствоаралық байланыс маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, бала тәрбиесі, құқығы мен қауіпсіздігіне жауапты мамандарға «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар, алдағы жоспарлар және межеленген бағыттар туралы тиісті ақпарат ұсынылды. Жиын қорытындысында білім беру ұйымдарында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейту, мектеп психологтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру, ата-аналармен тұрақты әрі жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігі баса айтылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
