Отырарлықтар ауданның 90 жылдығын ұйымшылдықпен атап өтті

Бүгін Отырар ауданының 90 жылдық меретойы кең көлемде аталып өтті. Іс-шара аясында аудан орталығында «Берекелі – алтын күз» ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға келген көпшілік орталық алаңдағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының, «Отырар шұғыласы» атты қолөнер бұйымдары мен ұлттық құнды жәдігерлердің, көркемсурет және танымдық кітаптар көрмесімен танысты.

Салтанатты іс-шара Отырардың тарихи тұлғаларының шеруімен басталып, одан әрі ҚР Мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның озат шаруаларын марапаттады.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Отырар ауданы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, туризм мен инфрақұрылым салаларында жеткен жетістіктер – осы өңір халқының табанды еңбегінің жемісі, елге деген адал қызметінің нәтижесі деп білемін. Тарихы терең, тағылымы мол Отырардың 90 жылдық мерейтойы – өткенге тағзым етіп, келешекке сеніммен қадам басатын тарихи сәт. Бұл мерейлі белес ауданның жарқын болашағына деген жаңа серпін, жаңа бастамалардың бастауы болсын», — деді.

Іс-шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов та тұрғындарды мерейтоймен құттықтап, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Отырар ауданына – 90 жыл» мерекелік медалін табыстады. Сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Әбдірахман Омбаев, қоғам қайраткерлері Созақбай Әбдіқұлов пен Кенжехан Төлебаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Мерекелік іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, Берік Сексенбек, Хадиша Шалабаева, Ермахан Әшіров, «Алатау voice» тобы, Нұрлан Балтақожа, Зере Жүнісбай, Айдос Омаров, Досхан Одаманов сынды ауданнан шыққан өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы даланың жүрегі — Отырар: тарих, мәдениет, және дәуір» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Аудандық мәдениет сарайындағы тағылымды іс-шараға келушілер алдымен отырарлық белгілі қылқалам шебері Әділхан Мәліктің шығармашылығына негізделген «Көне де жаңа Отырар – қазақ тарихының тұмары» сурет көрмесін тамашалады. Конференцияға отырарлық ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Серік Сейітман модераторлық етті.

Конференция барысында «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Абай Балажан «Баспасөз – халықтың рухани азығы» тақырыбында баяндама жасап, ауданның құрылу тарихымен қатар жасап келе жатқан «Отырар алқабы» газетінің өткені мен бүгінгі жайына тоқталды. Өлкетанушы, Отырар ауданының құрметті азаматы Бекжан Бейсенбай 30-дан астам ғұлама ғалым шыққан киелі өлкенің рухани орталығы болған «Отырар кітапханасы» туралы ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, Отырар ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Әлімжан Құртаев, этнограф-ғалым, мәдениет қайраткері Абдулла Жұмашов тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі Отырардың әр кезеңдердегі даму тарихына тоқталып, мерейтойлық лебіздерін білдірді.

Іс-шара қонақтары тарихтың сан қатпарлы беттерінде алтын әріппен жазылған өлкенің 90 жылдық шежіресін түгендеп, өнегелі жолын келер ұрпаққа жеткізу мақсатында жарық көрген естелік кітаптің тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Конференцияны Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қорытындылап, қатысушыларға алғыс айтты.

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы мерекелік гала-концертке ұласты. Ұлы сазгер, «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, Халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің туғанына 75 жыл толуына орай «Құт мекенім – Отырар» атты мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, ән кеші көпшілікке қуаныш сыйлады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов тұрғындар мен қонақтарды мерейтоймен құттықтап, Отырар өңірінің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Іс-шараны Жанатбек Бәйтеков пен Ақбота Нұр жүргізді. Мерекелік концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев, эстрада жұлдыздары Ғазизхан Шекербек, Мархаба Сәби, Қуандық Рақым, Дана Кентай, Әділет Жауғашар және «Alatau voice» квартеті өнер көрсетті.

Мәдени іс-шара соңында қалың көрермен мерекелік от шашуды тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You