
Дәлірек айтсақ, Көксарай ауылының жастары мен жасы 70-ке келген қарияларына дейін ауылды көркейтуге білек сыбана кіріскен. Елді мекенге кіретін күре жол бойына көшет егіп, қоршау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ауылдағы ішкі көшелердің бойын көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Бұл бастама ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға, көріктендіру ісін ілгерілетуге бағытталған тың қадам болып отыр.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов көпке өнеге болған жұмыстардың барысымен арнайы танысып, ауыл тұрғындарымен бірге көшет екті. Аудан басшысы тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, олардың туған жерді абаттандыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде аудан әкімі: «Туып-өскен өлкені, ауылдарды көркейту — баршамызға ортақ міндет. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдарды көркейту мақсатында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы бастау алған болатын. Бүгінде аудан көлемінде тұрақты сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар тазалыққа ден қойып келеді. Көксарай ауылында бастау алған бұл бастама ауыл халқын ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа үндейтін ауқымды щара. Тұрғындардың ауызбіршілігі мен жауапкершілігі басқа елді мекендерге үлгі болуға тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады», — деді.
Өнегелі шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов өзінің және аудандық мәслихат депутаттарының атынан игі атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Шараға ауыл ақсақалдары, жастар және белсенді азаматтар қатысып, бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде ауылдың келбетіне жаңа серпін беретінін жеткізді.
Ауылдың ажарын арттыруға бағытталған қоғамдық шара аясында 15 шақырым аумақ қоршалып, ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен 8000-ға жуық түрлі көшет егілген. Игі бастама алдағы жылдары да жалғасын тауып екі жыл ішінде егілген көшеттердің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Естеріңізде болса, Көксарай ауылында жергілікті кәсіпкер Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен ауыл саябағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ізгі іске үлес қосқан азаматтың қолдауымен саябақ аумағы кеңейтіліп, түрлі ағаш көшеттері мен сәндік талдар егілді. Аталған жұмыстар ауылдың көркін арттырып, тұрғындардың таза ауада серуендеп, демалатын жайлы ортасын қалыптастыруға бағытталды.
Саябақтың іргетасын құю рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов ауылдың әлеуметтік ортасын көркейтуге үлес қосқан кәсіпкерге алғысын айтып, кеудесіне «Отырар ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалін таққан болатын. Ауыл тұрғындары елді мекеннің еңсесін көтеріп, ауыл келбетін көркейтуге атсалысып жүрген кәсіпкерге ризашылықтарын білдіріп, саябақтың ауыл жастары мен балалардың сүйікті демалыс орнына айналатынына сенім білдірген-ді.
Атап өту керек, экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жалпы аудан бойынша 2025 жылдың күзгі маусымында барлығы 27 500 түп көшет отырғызу жоспарланып, бұл жоспар толығымен орындалды. Көшет егу жұмыстары аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытты. Бұл игі бастама табиғатты қорғау, жасыл белдеуді ұлғайту және болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған. Көгалдандыру жұмыстары ауданның экологиялық тепе-теңдігін сақтауға, жасыл желекті көбейтуге оң ықпалын тигізбек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
