
Түркістан облысы Сауран өңірінде Ясауидің 2 ғасыр бұрын жазылған хикмет топтамасы табылды. Ғалымдардың айтуынша, қолжазба 1834 жылы жазылған. Қазіргі таңда бұл хикмет жинақтың еліміздегі ең көне қолжазбасы болып тұр. Құнды жәдігер «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музейіне тапсырылды. Бұл жайында «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы брифингте мәлімдеді.
«Аталған қолжазбаға саурандық Еркін Сапаровтың бастамасымен қол жеткіздік. Бірнеше көне кітаптар Еркін ақсақалдың туысы Алимжан Рамазанұлының шаңырағында бабалардан мұра болып сақталып келген. Нәтижесінде жалпы саны 17 қолжазба мен сирек кітаптар алдық. Солардың ішінде бір қолжазбаның Қожа Ахмет Ясауидің хикметтер жинағы екендігі анықталып отыр. Кітаптың қағазы қалың әрі мұқабасында таңбасы бар. Қолжазба араб-парсы тілдерінде шағатай дәстүріне сай жазылған. Жалпы саны 120 хикметтен тұратын қолжазбаның 39-ы бұрын-соңды кездеспеген», — деді спикер.
Жалпы, «Ясауитану» ғылыми орталығы 2025 жылы Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының базасында құрылған. Брифингке қатысқан Ясауитану ғылыми орталығының жауапты хатшысы Гаухар Пірімқұлованың айтуынша, бүгінде Қожа Ахмет Ясауи зерттеулеріне байланысты орталықта 25 кітап, 30 «Диуани Хикмет», өзге де ғылыми дүниелер бар.
Тарқата айтсақ, «Диуани хикмет» – түркі жұртының ұлы ұстазы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің Құран мен хадистердің сыры мен мән-мағынасын, маңызын мұсылман әлемі бойынша хикмет жанрының негізінде ең алғашқылардың бірі болып түркі тілінде сөйлеткен этикалық-дидактикалық мазмұндағы ұлы поэзиялық туындысы. Ол турасында Әулие бабамыз хикметтерінде: «Хикметтерім — келген пәрмен Сұбханнан, Бар мағынасы Құран оның ұқ, қарғам!» және «Хикметтерім – хадистің кен — мазмұны, Ұқпағандар –адамзаттың азғыны» деп арнайы атап өтеді. Сондай-ақ, заманында барлық түркілерден шыққан ұлы тұлғалардың, ғалымдардың қандай да болмасын шығармаларын тек араб-парсы тілінде жазуы белең алып, түркі тілінің жойылып кету қауіпі тұрғанда Ясауи бабамыз: «Қоштамайды ғалымдар біздің айтқан түркіні, Арифтардан естісең ашар көңіл мүлкіні. Аят, хадис мағынасы – түркі болса лайық, Мағынасына жеткендер жерге қояр бөркіні» деп еңбектерін, әсіресе «Диуани хикметті» түркі тілінде жазып шығып, түркі тілінің дін, ғылым-білім, әдебиет, мәдениет, мемлекеттік тілге айналуына ерекше ықпал етеді.
Еңбек сонымен қатар, әулие бабаның өзінің «кім?», «қандай тұлға?» болатындығы және болғандығы жөнінде айрықша хабар берумен ерекшеленеді. Яғни, хикметте Пайғамбар ғаләйһис-саламның миғраж түнінде әулие Әзірет Сұлтан бабаның дүниеге келмеген, тәнге кірмей тұрып толысқан, кемелдікке жеткен Рухын көретіні, оның 400 жылдан кейін шығып, ислам дінін қуаттандырып, көркейтіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелейтінінен хабар берілгендігі баяндалады. Жерге түсіп, пәни дүние есігін ашқан күннен жер астына кірген 63 жасына дейінгі өмірі және Хақты тану, Хақтың разылығын табу, оған жету жолдары – құстың қанатындай тең ұстайтын «Аллаға деген шынайы махаббат пен одан шынайы қорқыныш табу» екені шығармада өте көркем, шебер түрде көрініс табады.
Қожа Ахмет Ясауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» («фано») – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары басқышы. Сопылық түсінік бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады. Қожа Ахмет Ясауи Аллаға (яғни Хаққа) жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керек деген пікір айтады. Ақынның айтуы бойынша, Хаққа жету жолындағы әрбір асудың он-оннан мақамы (тоқтамы) бар. Демек, осы төрт асудың қырық мақамын игерген пенде ғана «жабарут» (адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік), «мәләкут» (өмірдің мәнмағынасына қанық болу), «лахут» (бұл жалғаннан безіп, о дүниенің рухани әлемін меңгеру), «насут» (жоғарыда аталған үш өлшемнің басын қосып тұрған күш) деп аталатын рухани дүниенің сырын пайымдауға мүмкіндік алады.
«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Ясауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.
Бүкіл әлемдегі түркі халқы «Диуани хикмет» арқылы исламның рухани әлемімен, сол дәуір үшін ілгерішіл саналған сопылық ағымның философиялық ой-пікірлерімен танысты. «Диуани хикметте» жырланған адамгершілік, имандылық, қанағат, кішіпейілділік, жомарттық жайындағы этикалық-дидактикалық тұжырымдар бертін келе, қазақ ақын-жыраулары поэзиясынан өзінің көркемдік жалғасын тапты.
Қазір Ясауи бабаның осы күнге жеткен «Диуани хикмет» атты мұрасын үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші, қолжазбалар. Көне шағатай тілі ХХ ғасырдың басына дейін ислам дінін қабылдаған түркі халықтарының арасында кеңінен қолданылғандықтан әлі де хикметтердің қойын дәптерлерге болсын жазылған қолжазбалық нұсқалары табылуда. Қазіргі кезде басқа елдерді айтпағанда Қазақстанның қолжазба қорлары мен музейлерінде сақталған, арнайы тіркелген «Диуани хикметтің» 30-дан аса қолжазба нұсқалары бар. Жалпы, ғалымдар «Диуани хикметке» байланысты ең көне қолжазба 1593-1594 жылға тән екенін айтады. Ал Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қорындағы қолжазбаның ең көнесі һижра жыл санауының 1281 жылы, шәууал айында, яғни 1865 жылы жазылған.
Екінші, қазан төңкерісіне дейінгі жарық көрген «Диуани хикметтер». Оған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында 1887 мен 1901 жылдар аралығында — Қазанда, 1901 мен 1911 жылдар аралығында — Ташкентте, 1901 жылы Ыстамбұлда тасбаспадан жарық көрген хикметтерді жатқызамыз. Осы кездерде хикметтер алғаш рет қазақ, орыс тілдеріне аударылып баспадан жарық көре бастайды. Алайда 1917-1990 жылдары Кеңес үкіметінің билігі кезінде хикметтерді зерттеуге тиым салынғандықтан, рухани мұраны зерттеу, аудару мәселелері мүлдем қолға алынбай қалады.
Үшініші, Кеңес одағы тарқағаннан кейінгі жарық көрген хикметтер. 1990 жылдан бері хикметтер түрік, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түркімен, татар, т.б. түркі халықтарының тілдеріне аударыла бастайды. Оның ішінде қазақ тілінде 17 аударма нұсқасы жарық көрді. Бұл кезеңде жарық көрген хикметтердің алдыңғы кезеңдерде жарық көрген хикметтерден айырмашылығы аудармасымен бірге хикметтердің мәтіндерінің латын, кирилл графикасына түсірілген транскрипциясы және араб әрпімен терілген электрондық нұсқалары қоса жарық көруде.
Ясауи мұрасын жаңаша зерделеу: ғылыми ой мен рухани сабақтастық
Орайы келгенде айта өтер тағы бір жайт, бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы, белгілі ясауитанушы Досай Тұрсынбайұлы Кенжетаевпен «Ясауи мұрасын жаңаша зерделеу: ғылымға қосылған жаңа үлес» тақырыбында кездесу кеші өтті.
Кездесу кешіне Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мұқағали Кенжетайұлы, Түркістан облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұрат Ізтілеуов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ғалымның «Иасауи философиясы» және «Ислам философиясы» атты еңбектерінің тұсаукесері өтіп, көпшілікке кеңінен таныстырылды. Аталған еңбектерде ислам философиясының қалыптасу кезеңдері мен негізгі бағыттары талданып, Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымының рухани-философиялық кеңістіктегі орны жан-жақты ашылды. Сонымен қатар Ясауи ілімінің сопылық философиямен, исламдық этикамен және түркілік рухани дәстүрмен сабақтастығы терең зерделенді.
Іс-шара барысында Досай Тұрсынбайұлы Ясауи іліміне қатысты соңғы ғылыми зерттеулері, тың бағыттар мен ясауитану ғылымындағы өзекті мәселелер жөнінде мазмұнды баяндама жасап, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, аталған кездесу ясауитану саласындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, ұлттық рухани мұраны кеңінен дәріптеуге және жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени-ғылыми шара ретінде өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
