Түркістан облысы: Дін істері басқармасы ұйымдастырған «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздік ақпараттық-түсіндіру тобы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шарның мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін дін саласындағы мамандарды анықтау мен қолдау көрсету, жұмыс тәжірибелерін зерделеу және үлгі ретінде облыс көлемінде тарату, олардың мәртебесі мен беделі туралы қоғам арасында оң пікір қалыптастыру.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Ол өз сөзінде қоғамда рухани құндылықтарды дамыту мен патриотизмді нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекіту бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

Биыл байқау осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Жеңімпаздар түрлі номинация бойынша марапатталып, оларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар байқауға қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар берілді.

Айта кетсек, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен, Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Елімізге танымал дін ғалымдары, өнер, спорт, мәдениет саласының өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары барлық қала һәм аудандарда болып, халықпен кездесулер мен сұқбаттар ұйымдастырылды. Бас-аяғы 4000-нан аса кездесу өткізіліп, оған 330 мыңға жуық облыс тұрғыны қатысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You