
Түркістанда тұңғыш рет инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылды. Театрдың ашылу салтанатында ерекше жандардың қатысуымен «Жарық» мюзиклінің премьерасы сахналанды. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, театрдың ашылуымен құттықтады.
– Бұл — жай ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Біз ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Бүгінде өңірімізде бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қасиетті қаламызда инклюзивті бағытта ашылған алғашқы өнер ұжымы бүгін «Жарық» қойылымын ұсынып отыр. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалыптастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылғы жылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық перемьера көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймақтарында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары cияқты биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді, – деген облыс әкімі театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, құрылтайшылар мен жас таланттарға алғысын білдірді.
Театрдың құрылтайшылары әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов сөз сөйлеп, бұл премьера жүректен туған өнердің, үзілмеген үміттің, ерекше жандардың жеңісі екенін атап өтті.
Мюзикл LED экраннан қатысушыларды таныстыратын бейнероликпен басталып, Әлидің әсерлі сахналық көрінісімен жалғасты. Қоларбадағы бишілердің топтық биі мен «Ерекше балалардың» нөмірі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар бейнеролик арқылы балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Бұл қойылым әр жүректегі үміт отын үлкен алауға айналдырады. Қайсар балаларды облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдап, бірге өнер көрсетті.
Қойылым соңында барлық қатысушылар «Өмір сүр» әнін орындап, сахнаны жарықпен көмкерді. Шара соңында өңір басшысы Нұралхан Көшеров өнерпаздармен естелікке суретке түсіп, сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, өңірде мүмкіндігі шектеулі 15 мыңнан аса бала бар. Облыста балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді. Түркістанда балалардың денсаулығын нығайтуға барлық жағдай жасалған заманауи оңалту орталығы ашылды. Сонымен қатар ерекше балалар мен жастарға арналған «Сауран» спорт клубы жұмыс атқарып келеді. Республикалық және халықаралық жарыстарда спортшылар жүлделі орындар алып жүр.
Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың наурызында құрылып, ерекше қажеттілігі бар жандарды спортқа баулуда аймақ бойынша жетекші орталықтардың біріне айналды.
2024 жылы клубта 37 жаттықтырушы мен 301 спортшы тіркелсе, 2025 жылы 32 жаттықтырушы 203 спортшымен жұмыс жүргізуде. Спортшылар 21 спорт түрі бойынша жаттығады. Олардың қатарында бочча, пара дзюдо, пара жеңіл атлетика, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, сурдо спорт түрлері, шахмат, тоғызқұмалақ, шоудаун және өзге де бағыттар бар.
203 спортшының 76-сы — 18 жасқа дейінгі, 127-сі — ересектер. Бүгінде клуб құрамында 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 11 ҚР спорт шебері, 23 спорт шеберіне кандидат, 81 ұлттық құрама мүшесі бар.
Клуб мамандары Түркістан облысының 10-нан астам қала-ауданында ерекше жандарды спортқа баулып, кәсіби деңгейде дайындап келеді. Сонымен қатар бірқатар арнайы мекемелермен және мектеп-интернаттармен меморандум негізінде жұмыс істелуде. Жаттығулар Кентау, Ордабасы, Шардара, Сауран аудандарындағы спорт кешендерінде, Түркістан қаласындағы «OLҮMPIС CENTER», «TURKISTAN ARENA» нысандарында және өзге де орындарда өтеді.
2025 жылы «Сауран» спорт клубы үшін ерекше табысты жыл болды. Спортшылар халықаралық және республикалық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, облыс абыройын асқақтатты:
2025 жылғы басты жетістіктер:
Сурдлимпиада: 1 алтын, 1 күміс;
Әлем чемпионаты: 3 алтын, 1 қола;
Азия чемпионаты: 1 күміс;
Әлем кубогі: 12 алтын, 9 күміс, 7 қола;
Халықаралық Гран При: 1 күміс, 3 қола;
ҚР чемпионаты: 30 алтын, 20 күміс, 18 қола;
ҚР Кубогі: 14 алтын, 9 күміс, 7 қола;
ҚР VII Спартакиадасы: 15 алтын, 12 күміс, 9 қола;
Республикалық турнирлер: 7 алтын, 3 күміс, 2 қола;
Жалпы нәтиже: 57 алтын, 39 күміс, 35 қола.
2025 жылдың 1 мамырынан бастап мекеме Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов атындағы спорт кешеніне көшіп, жаңа ғимаратта жұмысын жалғастыруда.
Тәжірибелі басшы Абай Қазиев жетекшілік ететін «Сауран» спорт клубы — ерекше жандардың спорттағы қабілетін ашып, ел намысын қорғауға мүмкіндік беретін маңызды орталық. Спортшылардың жарқын жеңістері мұнда жүргізіліп жатқан еңбектің жоғары деңгейін дәлелдейді.
Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театры биыл 150-ге жуық спектакль сахналады
Театр дегеннен шығады, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналады. Сондай-ақ, театр репертуары осы жылы 6 жаңа қойылыммен толықты. Оның үшеуі ересектерге арналса, қалғаны балаларға арналған. Бұл туралы брифингте театр директоры Арман Алиев мәлімдеді.
«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Театр ұжымы 2025 жылы жалпы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысты. Одан бөлек, гастрольдік іс-сапарларда болды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістан елінің Дели, Пенджап, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздар Ресей елінің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды», — деді Арман Алиев.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев өнер ұжымы ел ішінде де біршама жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның ішінде, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысқан. Онда Д.Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен қатысып, Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен театр әртісі Кәмшат Аштекова мараппаталған. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталған.
Айта кетейік, 2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.
Театр әртістері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларға жиі шығады. Жаңа автобус – әртістер мен техникалық құрамның жол жүруін айтарлықтай жеңілдетіп, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, декорацияларды тасымалдауға да мүмкіндік береді.
Еске салайық, аталмыш театр Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық әртісі Р. Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен Түркияда өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді.
2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды. 2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сейтметовтің есімі берілді.
Театр жетістіктері туралы да айта өтейік.
- 2001 жылы театрдың көркемдік жетекшісі Р. Сейтметов облыс көлемінде өткізілген «Ең үздік режиссер» бас жүлдесін, 2003 жылы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығын иеленді.
- 2003 жылы театр Прага қаласында Еуропаның «Театр өнері» аталымы бойынша белгіленген алтын медалімен марапатталды.
- 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі», «Алтын қанат» номинацияларымен марапатталды.
2007 жылы театрдың бас режиссерлігіне Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі Е. Оразымбетов келіп, театр жетістіктерін жалғастырды. 2008 жылы театр республикалық театр фестивалінде «Кадет Шокан» спектаклін қойып, қоюшы-режиссер Е. Оразымбетов мәдениет министрінің дипломымен марапатталды. Одан кейінгі жылы өткен республикалық фестивальде «Фестиваль құсы» спектаклі үшін «Үздік режиссер» номинациясын да еншіледі.
- 2008 жылы Ақтауда өткен Қазақстан театрларының XVI республикалық фестивалінде театр ұжымы «Қойылымның ең үздік режиссерлік шешімі үшін» арнайы дипломымен марапатталды.
- 2009 жылы Қарағанды қаласында өткен ХVII театр фестиваліне театр Е. Сиябекұлы қойған Д. Исабековтың «Құстар фестивалі» атты мюзикл комедиясымен қатысты. Қоюшы режиссер «Ең үздік режиссер» атанып, «Алтын маска» жүлдесін иеленді.
2011 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып келген Ғазиз Арынов та дәстүрлі жолды әрі қарай жалғастырды. «Көктем–2011» республикалық фестивалінде «Абақты ғұмыр» спектаклі «Үміт» номинациясына ие болды.
- 2011 жылы театр әртістері Г. Айтбаева мен Т. Қарынбаев «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осы жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында өткен «Навруз-2011» атты ІІІ-Кәсіби театрлардың халықаралық фестивалінде Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» атты тарихи драмасымен өнер көрсетті. Тәжікстан мемлекетінің мәдениет министрі Мирзошохрух Асроридің дипломымен марапатталды.
- 2013 жылы Жетісайда өткен «Театр көктемі-2013» облыстық кәсіби театрлар фестивалінде өнер ордасы Еврипидтің «Троя ханшасы» атты моно қойылымымен өнер көрсетіп, «Айрықша шығармашылық табысы және әлемдік классиканы насихаттағаны үшін» номинациясымен марапатталды.
- 2014 жылы «Театр көктемі-2014» облыстық фестивалінде театр труппасы Ж. Жұматтың «Тірі жан» драмасын қойып «Өзекті мәселені көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.
- 2015 жылы Шымкент қаласында өткен «Театр көктемі – 2015» облыстық театр фестивалінде өнер ұжымы «Көрермен көзайымы» номинациясында және театр актрисасы Ә. Қожабекова «Ең үздік әйел бейнесі» аталымында жеңіске жетті.
Театр ғимараты 1938 жылы салынған Түркістан теміржол мекемесінің киноклубы болған. 2000 жылы қайта күрделі жөндеуден өтті, 250 адамға арналған көрермен залы мен мұражай бар.
25 жылдан бері театр ұжымы елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Румыния, Оман, Ресей сынды шет мемлекеттерде гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге қатысып, қазақ театр өнерін әлем сахналарында паш етіп жүр. Театр ұжымы ТҮРКСОЙ мен республикалық ауқымдағы бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері атанды. Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 6 жаңа қойылыммен толықты. Олардың үшеуі ересектерге, үшеуі балаларға арналған. Жыл басынан бері қойылған «Арба», «Енелер мен келіндер», «Хат тасушы» қойылымдары көрермен залын лық толтырды. Сонымен қатар, 5 желтоқсанда Нұржан Ізтаевтың «Бағдаршам – біздің досымыз» атты ертегісінің тұсауы кесілді. Театр ұжымы алдағы жылы да жаңа туындыларды сахналауды жоспарлап, түрлі жанрдағы және маңызды тақырыптарды ұсынбақ.
Қорыта айтқанда, Түркістан руханияты үшін Райымбек Ноғайбайұлының сіңірген еңбегі зор. 1995 жылы туған топырағы Түркістанға келіп шәкірт тәрбиеледі, осы драма театрының негізін қалады. Қарашаңырақтың мерейтойы театр маусымының ашылуына тұспа-тұс келіп отыр. Биыл Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл руханият саласындағы жұмыстардың жандануына ықпал етері сөзсіз. Қазіргі таңда облыста 3 кәсіби театр бар. Жыл басынан бері 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылды. Жаңа қойылымдар сахналанып, Түркістан халқына рухани азық сыйлауда. Республикалық, халықаралық театр фестивалдерінде жүлделі орындарға ие болуда. Соның ішінде осы театрдың алар орны айрықша. Өткен жылы Бірріккен Араб Әмірлігінде өткен «Оман» Халықаралық фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
