
Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Шараға «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстандағы Қытай Елшісі Хань Чуньлинь, «China Energy Group» президенті Ни Чжэн, «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Қайрат Мақсұтов, «CEEC Overseas Investment» ДК басшысы Линь Сяо Дань және т.б. қатысты.
Бұл — жаңартылатын энергия көздері бойынша ең ірі жобалардың бірі. Оны Қордың портфельдік компаниясы — «Самұрық-Энерго» АҚ мен China Energy Overseas Investment Co., Ltd. (Energy China) компаниясы бірлесіп салуда. Жоба Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу және көміртек ізін азайту жөніндегі стратегиясының бір бөлігі. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы 2024 жылы қарашада COP29 алаңында қол қойылған үкіметаралық келісімді іске асырудағы алғашқы қадамдардың бірі. Күн электр станциясының құрылысы белсенді кезеңде жүріп жатыр және 2024–2027 жылдарға есептелген.
Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңа станция энергия үнемдейтін күн панельдерімен, заманауи инженерлік нысандармен, қосалқы станциямен және электр беру желілерімен жабдықталады. Маңызды элементтердің бірі — электр энергиясын жинақтау жүйесі. Ол өңірдің электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, күн генерациясын елдің энергожүйесіне тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Станция іске қосылғаннан кейін Қазақстанның энергия теңгеріміндегі таза энергияның үлесі едәуір артып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды және елдің төмен көміртекті экономикаға көшуі жылдам болады деп күтілуде.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.
– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания «Energy China» басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін, – деді Нұралхан Көшеров.
Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
«Қуаты 300 МВт болатын болашақ күн электр станциясы — елдің тұрақты энергетика саласына қосылған үлес әрі Қазақстанның Орталық Азияда жаңартылатын энергия көздері бойынша көшбасшы мәртебесіне нық қадам басып келе жатқанын дәлелдейді», — деді Нұрлан Жақыпов салтанатты рәсімде.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар бейнебайланыс «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.
Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті. «Самұрық — Энерго» үшін бұл станцияны салу – инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз. Бұл жоба тек аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызы өте зор. Жаңа станция Қазақстандағы ең ірі күн электр станцияның бірі болады. Оңтүстік өңірдегі электр энергия тапшылығын азайтуға әсер етеді», — деді ол.
«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.
Естеріңізде болса, желтоқсанның 9-ында Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Мемлекет басшысы жасыл экономика, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамыту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі болатынын атап өтті. Өңірімізге қажетті электр қуатының 75%-ын сыртқы көздерден тасымалдауға мәжбүрміз. Аталған мәселені шешу үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Сонымен бірге күн, су және жел электр станцияларын көбейту бағытында да инвесторлармен келіссөздер жүргізілді», – деген болатын.
Қуат көздеріне қатысты ауқымды жобаларға тоқталсақ, «Самұрық-Қазына» қорының көмегімен Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ станциясының құрылысы басталды. Жоба құны – 800 миллиард теңге. Келесі жылы құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы жеке инвестор есебінен Кентау қаласында қуаты 240 МВт болатын газ турбина станциясы салынады. Жалпы құны – 155 миллиард теңге. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер мен келісімшарт түзу жұмыстары аяқталды. Нысан құрылысын 2 жылда аяқтау жоспарланған. Түлкібас ауданында 320 МВт болатын бу-газ және Сауран ауданында 485 МВт болатын 2 күн электр станциясының жобалары әзірленуде. Іске асыру мерзімі – 2025-2027 жылдар.
Бәйдібек ауданында қуаттылығы 350 МВт болатын жел электр станциясының құжаттары рәсімделуде. Іске асыру мерзімі – 2026-2028 жылдар. Аталған жобаларды іске асыру есебінен экономикаға жалпы 1,8 триллион теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр қуаты өндіріледі. Нәтижесінде өңір жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Назар аударар жайт, Энергетика министрлігінің дерегінше, Түркістан өңірінде жеке күн генерациясының қарқынды өсімі байқалады. Күн стансаларының иелері 3,5 есе көбейіп, төлемдер көлемі 200 млн теңгеден асты. Соңғы кездерде кәсіпкерлер мен жеке тұтынушылар жеке күн стансаларын орнатып, өздерін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын желіге сатып отыр.
Бұрын үлесі аз болған микрогенерация моделі бүгінде елдің жаңа энергетикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Сарапшылардың айтуынша, таратылған энергетика — Қазақстан энергожүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Дәстүрлі жүйеде негізгі жүктеме ірі электр стансаларына түссе, жаңа құрылым мыңдаған шағын генерация көздеріне сүйенеді. Бұл тәсіл энергия балансын икемді етіп, жаздың ыстық мезгілінде жүктемені азайтады, желі инфрақұрылымының тұрақтылығын арттырады және электр сапасын жақсартады.
Елдің оңтүстігінде өсім айқын байқалады. «Қазақстандық коммуналдық жүйелері» тобы мен Түркістан облысы мен Шымкент қаласына электр энергиясын жеткізіп, таратумен айналысатын «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылы салада елеулі құрылымдық өзгеріс тіркелген.
Микрогенерацияның негізгі көрсеткіштері:
▪️нетто-тұтынушылар саны 22-ден 78-ге дейін (қаңтар-қараша) өсті, бұл 3,5 еседен астам өсімді білдіреді.
▪️жеке күн электр стансаларының орнатылған қуаты 2750 кВт-тан 7602 кВт-қа жетті.
▪️2025 жылдың қаңтар–қазан айларында желіге берілген күн энергиясының көлемі 3,5 млн кВт·сағ-тан асты, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 910 727 кВт·сағ болған.
Күн электр стансалары энергия қауіпсіздігінің маңызды факторы болып, пиктік сағаттардағы желі жүктемесін төмендетіп, инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырады. Қаржылық көрсеткіштер де бұл модельдің тиімді екенін дәлелдеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіне алғашқы нетто-тұтынушыларға 200 млн теңгеден астам төлем жүргізілген, оның шамамен 120 млн теңгесі 2025 жылдың алғашқы он айында берілген. Бұл бизнес үшін тікелей табыс болып, күн стансаларына салынған инвестицияны жылдам өтеуге, операциялық шығындарды азайтуға және нысандардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі даму қарқыны сақталса, 2026 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» желілеріндегі нетто-тұтынушылар саны 100-ден асып, күн стансаларының жалпы қуаты 10 МВт-қа жетеді. Бұл жылына 5 млн кВт/сағаттан астам таза энергия өндіруге мүмкіндік беріп, дербес энергетикалық нысан жұмысына тең көрсеткішті қамтамасыз етеді.
Ал Үкімет жұмысының 2025 жылғы қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясын өндірудің айтарлықтай өсуі және қуаттарды одан әрі арттыру жоспарлары туралы айтты.
Оның айтуынша, 2000 жылдардың басында Қазақстанда электр энергиясын өндіру жылына шамамен 50 млрд кВт/сағ құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 117,9 млрд кВт/сағ жетті, ал осы жылы шамамен 122 млрд кВт/сағ өндіру жоспарланған. Осылайша, елімізде 25 жыл ішінде электр энергиясын тұтыну 2,5 есеге өсті.
Энергетика министрлігі қуаттарды арттыру және электр қуатын өндіруді ұлғайту бойынша нақты жоспар әзірледі. 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру көлемін іс жүзінде екі есеге арттыра отырып, жаңа қуаттарды енгізу және қолданыстағы қуатты жалпы 26,4 ГВт-қа реконструкциялау жоспарлануда.
Ерлан Ақкенженов тұтынудың өсуі технологиялық ілгерілеуге байланысты екенін атап өтті.
«Үдеріс бір орында тұрмайды. Бүгінде елімізде екі суперкомпьютер жұмыс істейді – Alem AI және Satbayev University есептеу қуаты. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер дамуы, деректер орталықтарының құрылысы және өнеркәсіптік өндірістің өсуі нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі сөзсіз артады.Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндетке сәйкес қазіргі заманғы және экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, көмір генерациясын дамыту жалғастырылады. Жақында Павлодар облысы, Екібастұз қаласының маңында салынатын қуаты 2 600 МВт ГРЭС-3 заманауи станса құрылысына конкурс өткізілді, онда қазірдің өзінде екі ірі электр стансасы жұмыс істейді. Жаңа ГРЭС-тің бір бөлігі маневрлік генерациямен жабдықталады – заманауи технологиялар мұндай шешімдерді көмір стансаларында да тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде үш ЖЭО салу жоспарлануда», — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар газ генерациясында жобалар жүзеге асырылуда. Шымкентте қуаты 1 000 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысы жалпы қуаты 270 МВт болатын үш «Түркістан» бу-газ қондырғысы блогын іске қосуға қатысты. Бұл маневрлік генерациялау нысандары электр жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«Бұл жобалардың барлығы ұлттық энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, Қазақстанның мақсаты – 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіруді екі есеге арттыру», — деп қорытындылады сөзін Ерлан Ақкенженов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
