![]()
Сарыағаш ауданында қос медициналық нысан пайдалануға берілді
Бүгін Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап және Атамекен елді мекендерінде жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысандардың ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады.
Аудан басшысы халық денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, аудан аумағында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар шалғай ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мәселесі үнемі назарда болатынын айтты.
Жаңаталап елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи талаптарға сай салынған және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Нысанда акушерлік, күндізгі стационар, физиотерапия, бала дамуын бақылау бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ ЭКГ аппараты мен жүрек қызметін тексеруге арналған заманауи медициналық құрылғылар орнатылған. Дәрігерге дейінгі қабылдау бөлмелерімен жабдықталған мекеме бір мезетте 20 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда жалпы 5 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Атамекен елді мекеніндегі медициналық тірек те тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Нысан бір мезетте 20 адамға қызмет көрсете алады. Аталған медициналық нысандардың құрылыс жұмыстары жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Жобаның тапсырыс берушісі – «CK ABU GROUP» ЖШС.
«Жаңа медициналық нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға, сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады», — дейді аудан басшысы.
Жонарық ауылында 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана бой көтеріп жатыр
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан әкімі нысанды аралау барысында құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына ерекше назар аударды.Елді мекен тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аталған мәдениет нысанының құрылысын: «ST-SERVICE KZ» ЖШС –і тарапынан жүргізілуде. Қазіргі таңда нысан орналасқан жер учаскесіне қатысты жерге орналастыру жобасы бекітіліп, барлық қажетті жер жұмыстары толықтай атқарылған. Атап айтқанда, қазаншұңқыр қазылып, іргетасын құю жұмыстары аяқталған, сондай-ақ бетонды судан қорғау мақсатындағы гидроизоляциялық жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар, ғимараттың бірінші қабатының кірпіш қалау жұмыстары толығымен аяқталып, бетон жабыны (плита) орнатылған.
Айта кетсек, жаңа мәдениет нысаны іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарының рухани-мәдени өмірін жандандырып, жастар мен оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасайтын болады.
Республикалық маңызы бар айналма жол құрылысы кеңінен талқыланды
Сарыағаш ауданында республикалық маңызы бар автомобиль жолының айналма жолын салу жобасына қатысты «ZOOM» байланысы арқылы кеңейтілген жиын өтті.
Кеңейтілген мәжіліске Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Техникалық саясат және сапаны бақылау департаментінің 1-санатты инженері Алтын Ошақбаева, Азия даму банкінің өкілі Қанат Сердалиев пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бастығы Ержан Жұмабек, Келес ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молданов пен «KHG Project» ЖШС директоры Жақсылық Сейділда, сондай-ақ Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытсейіт Әуезов қатысты.
Жиын барысында жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы, инженерлік-техникалық шешімдері, жол құрылысына қажетті жер телімдеріне қатысты мәселелер, сондай-ақ жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Сонымен қатар, заңнама талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, жобаны іске асыру кезінде туындауы мүмкін мәселелерді шешу жолдары нақтыланды.
Айта кетсек, жиынның негізгі мақсаты – республикалық маңызы бар айналма жол құрылысы жобасын іске асыру барысында туындайтын жер қатынастарына байланысты мәселелерді талқылап, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиімді шешу жолдарын айқындау.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
