![]()
Күзгі-қысқы кезеңде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың таралу қаупі артады. Әсіресе, оқу жылының басталуына байланысты балалардың ұйымдасқан ұжымдардағы байланысы жиілеп, инфекцияның таралуына қолайлы жағдай қалыптасады. Осыған орай Шымкентте эпидемиологиялық жағдайды бақылау және аурудың алдын алу шараларына ерекше назар аударылуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова ЖРВИ мен тұмаудың таралу көрсеткіштері, вакцинация және білім беру ұйымдарында сақталуы тиіс санитариялық талаптар туралы мәлімет берді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында қалада 147 952 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Оның 92 661-і 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі. Тұмау емес вирустарды анықтау мақсатында зерттелген 238 сынаманың 122-сінен оң нәтиже алынған. Ал қыркүйек айынан бері 5 967 ЖРВИ жағдайы тіркеліп, оның 2 978-і балалар арасында анықталған. Бұл кезеңде тұмау жағдайлары тіркелмеген.
Мамандардың түсіндіруінше, қоғамдық көліктерде, жабық ғимараттарда және білім беру ұйымдарында адам көп шоғырланатындықтан, инфекцияның таралу қаупі жоғарылайды. Сондықтан аурудың алдын алу үшін жеке гигиена талаптарын сақтау мен санитариялық-профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу маңызды.
Білім беру ұйымдарында күнделікті таңертеңгілік сүзгі ұйымдастырылып, балалардың денсаулық жағдайы тексерілуі тиіс. Оқу кабинеттері мен басқа да бөлмелерді тұрақты желдету, санитариялық тазалықты сақтау және қолды өңдеуге арналған антисептиктердің болуын қамтамасыз ету қажет. Ауру белгілері байқалған балаларды уақытылы анықтап, инфекцияның басқа оқушыларға таралуына жол бермеу де маңызды.
Сырқаттанушылық деңгейі өскен жағдайда қосымша шектеу шаралары қолданылады. Егер бір инкубациялық кезең ішінде сынып оқушыларының 20 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, күнтізбелік 10 күн бойы сыныпқа жаңа оқушыларды қабылдауға шектеу қойылып, кабинеттік оқыту жүйесі тоқтатылады. Ал сырқаттанғандар үлесі 30 пайызға және одан жоғары болған жағдайда оқушылар онлайн оқыту форматына ауыстырылады.
Тұмаудың алдын алудың негізгі тәсілдерінің бірі – вакцинация. Шымкентте жергілікті бюджет есебінен 150 мың доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған. Вакцинация осал топтарға жататын азаматтарға тегін жүргізіледі. Мамандар тұмауға қарсы екпе алу аурудың алдын алуға және оның асқыну қаупін азайтуға көмектесетінін атап өтеді.
Сонымен қатар тұрғындарға адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, жабық қоғамдық орындарда қажет болған жағдайда маска тағу, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептик қолдану ұсынылады. Бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп, күнделікті ылғалды тазалау жүргізу, жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу да инфекцияның таралу қаупін төмендетеді.
Ауру белгілері байқалған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, медициналық көмекке жүгіну және науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу қажет. Алдын алу шараларын уақытылы әрі тұрақты сақтау – ЖРВИ мен тұмаудың таралуын тежеудің және халық денсаулығын қорғаудың маңызды шарты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
