![]()
Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында «AERO» автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын зауыттың салтанатты ашылуы өтті. Аталған өндіріс орны аудан экономикасын дамытуға һәм өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалардың бірі болып табылады.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, инвесторлар мен кәсіпорын ұжымы қатысты.
Іс-шарада аудан әкімі көпшілікті жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аудан көлемінде өндіріс саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. 3 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны жылына 85 мың текше метр автоклавталған газоблок өндіруге қауқарлы. Мұнда бастапқы кезеңде 40 тұрақты жұмыс орны ашылса, алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейту жоспарлануда. Зауытта заманауи технологиялар қолданылып, табиғи компоненттерден дайындалатын, беріктігі жоғары әрі халықаралық стандарттарға сай өнім шығарылады.
Салтанатты жиын барысында құрметті қонақтар зауыттың лентасын қиып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. «AERO» автоклавты газоблок зауытының іске қосылуы – аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі. Бұл жоба ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықты сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.
Айта кетейік, Ордабасы ауданында соңғы екі жылда 9 өндіріс орны іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Айтпақшы, бүгін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында ауылдар мен шағын қалалардағы өндірісті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын таныстырды. «Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Қаржылық шарттарына келсек, бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 миллиард теңге несие бөлу қарастырылған.
Несие: бір жобаға 200 миллион теңгеге дейін.
Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).
Мерзімі: 3 жылға дейін.
«Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін.
Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.
Өтінімді қалай беруге болады?
Өтінімдерді беру «egov.business» және «Damu Online» порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
