Түркістан шаһарындағы санитарлық тазалық жұмыстары – ұдайы тұрақты бақылауда

Түркістан қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС тарапынан жүйелі түрде атқарылып келеді. Қазіргі таңда мекемеде 509 қызметкер қала тазалығын сақтауға өз үлесін қосып жүр.

Әрбір қызметкер күн сайын өзіне бекітілген аумақта көшелерді сыпыру мен қоқыс жинау жұмыстарын орындайды. Қысқы маусымда жұмыс уақыты таңғы 08:00-де басталады.

Қала бойынша бүгінде жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше тазаланады. Көшелер тазалау кезектілігіне сәйкес үш санатқа бөлінген: бірінші санаттағы 30 көше күнделікті тазаланса, екінші санаттағы 120 көше аптасына 2-3 мәрте рет-ретімен тазартылып отырады. Ал үшінші санатқа жататын 725 көше бекітілген кестеге сәйкес тазаланады.

Жауаптылардың айтуынша, Түркістан қаласы аумағынан ай сайын 1950-2200 тонна аралығында тұрмыстық қалдық арнайы полигонға шығарылып, тиісті орындарға жеткізіледі екен.

Мұнан өзге көшелерді сыпыру мен қоқыс жинау жұмыстарынан бөлек Түркістан қаласында қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында күнделікті тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетіндігін де айта өткен абзал.

Облысы орталығы аумағындағы барлық аялдама павильондары мен орындықтар жуылып, әйнектері мен басқа да құрылымдық элементтері тазартылды. Бұзылған немесе тозған жерлерді қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары да қоса атқарылды.

Қазіргі уақытта қалада 438 қоғамдық көлік аялдамасы жұртшылыққа қызмет көрсетеді. Соңғы үш жылда әкімдіктің қолдауымен 374 жаңа үлгідегі аялдама орнатылған, ал алдағы уақытта қосымша 100 аялдаманы орнату жоспарланып отыр.

«Қоғамдық көлік аялдамаларының тазалығын қамтамасыз ету және оның күтімін жасау жұмыстары қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының комфортын арттыруға үлкен үлес қосуда. Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», — дейді шаһардың тазалығына жауаптылар.

Осы тұрғыда «SKGEOKART» ЖШС мамандары шаһардың Бекзат Саттарханов даңғылы мен «Керуен сарай» аумағында көгалдарға ұқыпты күтім жасап, тазалық жұмыстарын жүргізетіндігін де еске салайық.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз етуде рөлі зор «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы да — тұрақты бақылауда. Шаһарда 2025 жылдың басынан бері елдің экологиялық тазалығын қамтамасыз ету бағытында бірнеше ауқымды жұмыстар атқарды. Осы жұмыстардың негізінде Түркістанда экологиялық ахуалды жақсарту, қала тазалығын арттыру, тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігін көтеру мақсатында Қазақстан Республикасының «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылды. Осы кезеңде бағдарлама аясында негізгі назар аулалардың, көшелердің, саябақтар мен қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге аударылды. Қалада қоқыстарды сұрыптау, қайта өңдеу және жою жүйесі құрылды. Қала аумағында қоқыс жәшіктері, контейнерлердің саны артты, бұл тұрғындар үшін тазалықты сақтау мен қалдықтарды дұрыс орналастыруға ықпал етті. Мұны бір деңіз. Екіншіден, Түркістан қаласының парктері мен саябақтары жасыл желекпен қамтылып, жаңа ағаштар мен гүлдер отырғызылды. Бұл қадам қаланың экологиялық ортасын жақсартуға бағытталған. Үшіншіден, қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениет пен тазалық сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жеке секторда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау міндеттелді.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының жетекшілігімен қалада бірнеше үлкен сенбіліктер ұйымдастырылды. Әкімнің қолдауымен, жергілікті басқару органдары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткізілген сенбіліктердің саны 2025 жылдың басынан бері 30-дан асады. Әр сенбілік кезінде қала тұрғындары өз күштерімен көшелерді, саябақтарды, ойын алаңдарын тазалап, қалдықтарды сұрыптап, жасыл желектерді күту жұмыстарын жүргізді. Мұндай іс-шаралар тұрғындардың тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарауына және қала экологиясына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Әзімбек Пазылбекұлының басшылығымен өткізілген сенбіліктердің тиімділігі айтарлықтай болды. Сенбіліктер барысында көшелер мен қоғамдық орындардың таза әрі жинақы болуы қамтамасыз етілді. Осылайша, қаланың эстетикалық келбеті жақсарды. Тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігі артты, олар экологиялық мәселелерге бей-жай қарамай, қала тазалығына белсене араласты. Әсіресе, жастардың, мектеп оқушыларының және жастар ұйымдарының сенбіліктерге қатысуы қалада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.

2025 жылдың басынан бері Түркістан қаласында жүзеге асқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен Әзімбек Пазылбекұлының басшылығымен ұйымдастырылған сенбіліктер экологиялық жағдайды жақсарту және қала тазалығын қамтамасыз ету тұрғысынан айтарлықтай нәтижелер көрсетті. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, жасыл желекті сақтау және тұрғындарды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу болып табылады.

Атап өту керек, сенбіліктер мен басқа да тазалық шаралары тұрғындар арасында табиғатқа деген құрмет пен жауапкершілікті арттыруға үлкен әсер етті. Түркістан қаласының экологиялық ахуалы мен көрінісі 2025 жылы айтарлықтай жақсарып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін өмір сүруге қолайлы ортаға айналды.

Қорыта айтқанда, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бүгінде азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастырудың маңызды құралына айналды. Ол елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және экологиялық мәселелерді шешу үшін мемлекет пен қоғамның күш жігерін біріктіреді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, бастама аясында бүкіл ел бойынша 1 294 экологиялық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында «Киелі мекен», «Таза аймақ», «Таза ауыл», «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ», «Мен зерттеушімін», «Тапқыр зерттеушісі», «Табиғатты аяла», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» сияқты аумақтарды жинау, ағаш отырғызу акциялары мен ағартушылық жобалар бар, одан бөлек халықаралық акциялар — «Жер Сағаты», World Clean up Day, Халықаралық құстар күні және т. б. Шаралар бар. Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша 844 мың тоннадан астам қалдықтар жиналып, 1,1 миллион гектардан астам аумақ тазартылды. Экологиялық акцияларға 6,4 миллионнан астам адам қатысты, оның ішінде 781 мыңнан астамы еріктілер екен.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You