Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлаған жаңа жылдық мерекелік іс-шара ұйымдастырылды

Бүгін Түркістан қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Шексіз әлем» атты жаңа жылдық мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлап, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсету, сондай-ақ инклюзивті мәдениетті дамыту.

Мерекелік кешке Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов пен облыстық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының басшылығы, құқық қорғау органдарының басшылары, басқарма жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен облыстық басқармаға қарасты арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының көмегіне жүгінушілер саналатын 70-тен астам бала қатысты.

Іс-шара барысында балаларға арналған арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Жігері мұқалмаған ерекше балалар өнер көрсетіп, көпшілікті сүйсіндірді. Оларға белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қолдау көрсетті.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстады. Өз сөзінде аймақ басшысы ерекше балаларды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер өмірге деген құштарлықтарыңыздың арқасында мойымай, мол жетістіктермен қуантып келесіздер. Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған. Бүгінде өңірімізде ерекше балаларға тиісті қолдау шаралары көрсетілуде. Облысымызда балаларға арналған 5 оңалту және 6 «Қамқорлық» орталықтарында 15 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді. Құрметті жас достар! Бүгінгі іс-шара сіздер үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Жаңа жылда армандарыңыз орындалып, жетістіктеріңіз еселене берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік кеш Аяз ата мен Ақшақардың жаңа жылдық құттықтауымен жалғасты. Танымал әнші Құрмаш Маханов бастаған өнерпаздар да жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды.

Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның ең әлсіз әрі қорғансыз бөлігі. Олардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеулері үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып, барынша қамқорлықтар көрсетілуде. Шаһарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, ерекше күтімді қажет ететін және қиын тұрмыстық жағдайында қалған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға ерекше назар аударылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You