![]()
Бүгін облыс орталығында «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балалардың жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да қатысты. Мерекелік жиынға әлеуметтік осал топтағы балалар мен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпазы болған 200-ден астам балаға Мемлекет басшысы атынан естелік хаттар мен түрлі тәттілер үлестірілді.
Сондай-ақ әр бүлдіршінге оқу құралдарына арналған сөмке мен қазақ ертегі кітаптары берілді. Оқуда озат болып, білім олимпиадаларынан жүлде алған бірнеше оқушыға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бүлдіршіндерге ізгі тілегін білдіріп, олардың жарқын болашағы – мемлекеттің басты құндылығы екенін атап өтті.
– Қымбатты балалар! Қадірлі ұстаздар, ардақты ата-аналар! Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін біз ерекше көңілді мереке – Президент шыршасында бас қосып отырмыз. Мерекені көңілді әрі әсерлі өткізейік. Дәл қазір еліміз бойынша Жаңа жылды өздеріңіздей 6 миллионнан астам бала қарсы алуда. Сіздер жаңа жыл қарсаңында киелі Түркістанның көрікті орындарын аралап, тарихымен таныстыңыздар. Бұл – балалық шақтың жарқын естелігі болып жүректеріңізде сақталсын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Балалар – еліміздің болашағы. Әр баланың бақытты, қауіпсіз ортада өсіп, жақсы білім алуы – мемлекеттің басты міндеті», — деген болатын. Сонымен бірге Президентіміз биыл «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ал оны іске асыру 2026 жылдан басталады. Аталған бастамалардың түпкі мақсаты – әр баланы жан-жақты дамытып, тұрақты қолдау көрсету. Сондықтан мемлекетімізде балалардың жарқын болашағы үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Облыста жаңа мектептер, спорт, мәдениет нысандары және «Жаңа буын орталықтары» салынуда. Биыл облыстың білімді оқушылары республикалық олимпиадаларда 400-ге жуық жүлде иеленді. Бұл – білімге деген құштарлық пен табандылықтың нәтижесі. Сіздерге айтар тілегім – білім алудан, армандаудан жалықпаңыздар. Ертең елімізді сіздер дамытасыздар. Бүгінгі шырша мерекесі сіздерге шабыт береді деп сенемін. Жаңа жыл құтты болсын, қымбатты жас достар! – деді Нұралхан Көшеров.
Мерекелік іс-шара аниматорлардың, қуыршақ кейіпкерлері мен өнерпаздардың балаларды қарсы алуымен басталып, залда қатысушы балалар жаңа жылдық шыршаны айнала қоршап, мерекелік атмосфераға бөленді. Іс-шара барысында театрландырылған қойылым көрсетіліп, балаларға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ мерекелік бағдарлама концерттік нөмірлермен жалғасын тауып, цирк әртістері, би ұжымдары мен музыка мектептерінің оқушылары балаларды шат-шадыман көңіл-күйге бөледі.
Іс-шара соңында барлық өнерпаздар ортаға шығып, қатысушылармен бірге естелік суретке түсті. Президент атынан ұйымдастырылған бұл жаңа жылдық шырша балалардың жүрегіне қуаныш ұялатып, мерекелік әсерге толы ерекше күн ретінде есте қалды.
Орайы келгенде айта кетейік, 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектептің құрылысы аяқталып, оқушылардың игілігіне берілді. Балалардың шығармашылығы мен білімге құштарлығын арттыру мақсатында да ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы 41 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс лагерьлеріне барып, мәдени нысандарды аралады. Сонымен қатар облыстың мыңнан астам оқушысы республикалық олимпиадаларда бақ сынап, оның 400-ге жуығы жүлделі орындарды иеленді. Ауыл мектептерінің оқушылары республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан табылып, білімдерін дәлелдеді. Бұл жетістіктердің барлығы білім саласына жасалған жүйелі қолдаудың нәтижесі деп білеміз.
«Жоғалған жұлдыз» жаңа жылдық ертегі қойылымы өтті
Жаңа жыл қарсаңында рухани шаһарда балаларға арналған іс-шаралар қарасы қалың. Соның бірін тілге тиек етсек, кеше Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті» КММ мекемесінің балаларына арналған «Жоғалған жұлдыз» атты жаңа жылдық ертегі қойылымы сахналанды. Бұл мерекелік шара ерекше білім беруді қажет ететін балалардың эмоционалдық, әлеуметтік дамуын қолдау, мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылды. Қойылымда балалар өздерінің сүйікті кейіпкерлері — Қоян, Сағат, Ақша Қар, Аяз Ата, Түлкі, Ескі жыл (Жылан) мен Жаңа жыл (Жылқы) бейнесінде ертегілік атмосфераға енді. Сюжет желісі арқылы достық, мейірімділік, батылдық сынды адами құндылықтар насихатталып, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалды. Қойылым мейірім мен махаббатқа толы ортада өткен, шынайы ертегі әлемі болды.
Аяз Ата өнер көрсетіп, тақпақ айтқан балаларға сыйлықтар берді. Концерттік бағдарламада Мәдениет үйінің әншілері Райым мен Дана, «Этно Стайл» тобы, «Семсер» тобы, «Гүл-Марал» тобы, ҚР Мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, Данагүл Индемесова, Нысанбай Бағдат, Қожа Аманбаев, Айдар Досымжан өнер көрсетті. Мерекелік шараны Еркінбаев Дарын жүргізді. Шара соңында әр бала Жаңа жыл сыйлығына ие болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарады.
Айтпақшы, жаңа жыл қарсаңында Түркістан қаласы аумағында пиротехника бұйымдарының заңсыз сатылымы бойынша қала әкімдігі мен қалалық полиция басқармасы қызметкерлері тарапынан бірлескен мониторингтік шаралар жүргілізуде. Мониторинг барысында қала кәсіпкерлеріне заңсыз пиротехника бұйымдарын сатуға заң аясында тыйым салынғаны туралы және қала қонақтары мен тұрғындарының сақтық шараларын сақтай отырып, мұндай заттарды сатып алмау бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Аталған мәселе жіті бақылауға алынып, мониторинг жұмыстары тұрақты жалғасын табатын болады», — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
