![]()
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 150-ге жуық қойылымды сахналады. Сондай-ақ, театр репертуары осы жылы 6 жаңа қойылыммен толықты. Оның үшеуі ересектерге арналса, қалғаны балаларға арналған. Бұл туралы брифингте театр директоры Арман Алиев мәлімдеді.
«Биыл 141 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Қазір «Мульти стори» жаңа жылдық қойылымның дайындығы жүріп жатыр. Театр ұжымы 2025 жылы жалпы 2 халықаралық және 3 республикалық фестивальдерге қатысты. Одан бөлек, гастрольдік іс-сапарларда болды. Театр жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен «Би-Сұлтан» би ансамблі Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында Үндістан елінің Дели, Пенджап, Амритсар, Агра, Чандигарх қалаларында өнер көрсетті. Сонымен қатар, өнерпаздар Ресей елінің Кинешма қаласында өткен «Островский fest» атты театр фестиваліне қатысып, лауреат атанды», — дейді Арман Алиев.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан театр актері Нұржан Ізтаев өнер ұжымы ел ішінде де біршама жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Оның ішінде, Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті театр және кино актері Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысқан. Онда Дулат Исабековтың «Өйтпесе, Мағжан бола ма?» драмасымен қатысып, Зылиха рөлі үшін «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясымен театр әртісі Кәмшат Аштекова мараппаталған. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның халық әртісі, көрнекті режиссер Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, Ә.Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен театр әртісі М.Құрманбеков «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталған.
Айта кетейік, 2025 жыл театр үшін табысты, шығармашылық тұрғыдан жемісті жыл болды. Осы орайда, театр әртісі Нұржан Ізтаев Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Аяз Ілясов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, театрдың құрылғанына 25 жыл толуына орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өнер ұжымына жаңа 50 орындық заманауи автобустың кілтін табыстады.
Театр әртістері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі гастрольдік сапарларға жиі шығады. Жаңа автобус – әртістер мен техникалық құрамның жол жүруін айтарлықтай жеңілдетіп, сахналық костюмдер мен реквизиттерді, декорацияларды тасымалдауға да мүмкіндік береді.
Еске салайық, аталмыш театр Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық әртісі Р. Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен Түркияда өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді.
2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды. 2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сейтметовтің есімі берілді.
25 жылдан бері театр ұжымы елімізбен қатар, Түркия, Тәжікстан, Румыния, Оман, Ресей сынды шет мемлекеттерде гастрольдік сапарлар мен фестивальдерге қатысып, қазақ театр өнерін әлем сахналарында паш етіп жүр. Театр ұжымы ТҮРКСОЙ мен республикалық ауқымдағы бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері атанды. Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет «RAIYMBEK FEST» республикалық театр фестивалі ұйымдастырылып, жоғары дәрежеде өтті.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры биыл 6 жаңа қойылыммен толықты. Олардың үшеуі ересектерге, үшеуі балаларға арналған. Жыл басынан бері қойылған «Арба», «Енелер мен келіндер», «Хат тасушы» қойылымдары көрермен залын лық толтырды. Сонымен қатар, 5 желтоқсанда Нұржан Ізтаевтың «Бағдаршам – біздің досымыз» атты ертегісінің тұсауы кесілді. Театр ұжымы алдағы жылы да жаңа туындыларды сахналауды жоспарлап, түрлі жанрдағы және маңызды тақырыптарды ұсынбақ.
Қорыта айтқанда, Түркістан руханияты үшін Райымбек Ноғайбайұлының сіңірген еңбегі зор. 1995 жылы туған топырағы Түркістанға келіп шәкірт тәрбиеледі, осы драма театрының негізін қалады. Қарашаңырақтың мерейтойы театр маусымының ашылуына тұспа-тұс келіп отыр. Биыл Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл руханият саласындағы жұмыстардың жандануына ықпал етері сөзсіз. Қазіргі таңда облыста 3 кәсіби театр бар. Жыл басынан бері 245 спектакль қойылып, 35 мың көрермен қамтылды. Жаңа қойылымдар сахналанып, Түркістан халқына рухани азық сыйлауда. Республикалық, халықаралық театр фестивалдерінде жүлделі орындарға ие болуда. Соның ішінде осы театрдың алар орны айрықша. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірлігінде өткен «Оман» Халықаралық фестивалінде үздіктер қатарынан көрінді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
