
Түркістан облысы Ордабасы ауданында тарихи-мәдени туризмді дамытуға серпін беретін маңызды нысан – «Ордабасы сапар орталығы» өз жұмысын бастады.
Орталық ауданға қарасты Бадам ауыл округіндегі Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығы аумағында орналасқан. Жоба 2020 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әзірленіп, 2021 жылы құрылысы басталған болатын. Бүгінде заманауи үлгіде салынған нысан ел игілігіне беріліп отыр.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, бұл орталық аймақтың тарихи-танымдық әлеуетін арттырып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиында мәдениет қайраткері Шахар Қаназарұлы мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің проректоры Исабек Баршагүл жылы лебіздерін білдірді.
Шараға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, білім беру ұйымдарының ұстаздары, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы және мәдениет саласының өкілдері қатысты.
Рәсім барысында нысанның лентасы қиылып, аудандық өнерпаздар әннен шашу шашты. Қонақтар орталықтағы музей экспозициясын аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.
Жалпы аумағы 2906 шаршы метрді құрайтын сапар орталығы барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кеңсе бөлмелері, кітапхана, конференц залы, 16 орындық жатақхана, экспозициялық және қор сақтау бөлмелері бар.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.
