«Ұлттық кітап – ұлт қазынасы»: Шымкентте әдеби-зияткерлік шара өтті

Шымкент қаласында Ұлттық кітап күніне орай «Руханиятқа жол – кітаптан» апталығы аясында қала көлемінде бірқатар мәдени-әдеби іс-шаралар ұйымдастырылуда. Аталған игі бастама аясындағы кезекті мазмұнды шаралардың бірі Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасында жалғасын тапты.

Кітапхана ұжымы «WEEKEND. BOOK. VIBES» жобасы аясында демалыс күндері кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Ұлттық кітап – ұлт қазынасы» атты әдеби квизбук өткізді. Оған кітапхананың белсенді оқырмандары, ата-аналар және қала тұрғындары қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық кітап күнін жариялау туралы бастамасына қолдау көрсету, кітап оқуды кеңінен насихаттау, кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ мәдени-әдеби құндылықтарды өскелең ұрпаққа жеткізу.

Квизбук барысында қатысушылар әдеби форматтағы түрлі тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынап, танымдық ойындар мен бағдарламаларға белсене қатысты. Кеш қонақтары – фантаст-жазушы Сарманбай Исақ, балалар ақындары Айтбозым Мұратбеков пен Даркен Танабаев оқырмандармен жүздесіп, әсерлі сұхбат құрды.

Іс-шара аясында «Кітап емханасы» көрінісі, «Сиқырлы сандықша» ойыны, «Әжемнің ертегісі» бөлімі, ұлттық және үстел ойындары, сондай-ақ «Кітап оқы, жарқыра» әдеби композициясы ұсынылды. Жас өнерпаздардың әндері мен билері кештің көркін арттырды. Сонымен қатар, оқырмандар үшін «Мен оқыған ең қызықты кітап» фотозонасы ұйымдастырылып, заманауи «Devar» қосымшасы арқылы 3D және 4D форматтағы кітаптарды оқу мүмкіндігі таныстырылды.

Іс-шара соңында орталықтандырылған балалар кітапханалары жүйесінің директоры Жанар Иманқұлқызы сөз сөйлеп, қонақтарға мекеме атынан алғыс хаттар табыстады.

Аталған шаралар легі кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, рухани-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастама ретінде өз жалғасын табуда.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You