
Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, жасыл аймақтарды кеңейту және өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттыру мақсатында «болашақ ағашы» аталып кеткен павлонияны егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштардың бірі саналатын павлония қазіргі таңда Түркістан қаласының кіреберіс аумағында да жайқалып тұр.
Павлония егу жұмыстары негізінен Жетісай, Келес және Сарыағаш аудандарында қатар жүргізілуде. Жалпы өңір бойынша павлонияның 60 мыңнан астам түбі мен ондаған гектар алқабы бар. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да кеңейеді.
Павлония ағашы оңтүстік өңірдің климатына бейімделген. Ол жылына бірнеше метрге дейін өсіп, қолайлы жағдайда 20–25 метр биіктікке жетеді. Сондай-ақ көктем-жаз мезгілінде ұзақ уақыт гүлдеп, экологиялық тұрғыдан ауаны тазартып, көмірқышқыл газын сіңіру қабілетімен ерекшеленеді. Павлония тек көгалдандыру мақсатында ғана емес, болашақта өндірістік шикізат ретінде де маңызды рөл атқарады. Оның сүрегі жиһаз өндірісінде, қайық, шаңғы, музыкалық аспаптар мен түрлі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаруда кеңінен қолданылады.
Сала мамандары павлонияны өсіру ісі тек экологиялық бастама ғана емес, сонымен қатар табысты агроөндірістік бағытқа айналып келе жатқанын атап өтеді. Түркістан өңірінің табиғи-климаттық жағдайы бұл ағаш түрін өсіруге қолайлы деп бағалануда.
Жалпы алғанда, павлония жобасы Түркістан облысында жасыл экономиканы дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және жаңа өндірістік мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған перспективалы бастама ретінде қарастырылып отыр.
Еске салайық, павлония (латынша “Paulownіa») – бигнония (латынша “Bignoniaceae”) тұқымдасына жататын ағаштар тегі. Негізінен Шығыс Азияның тропиктік аймағында кездеседі. Табиғи жағдайда Қытайда өседі, 10 түрі бар. Бұлардың биіктігі 20 метрдей. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді гүлшоғыры (ұзындығы 30 см) гүлдейді. Гүлдері күлгін-қызғылт түсті. Тұқымы, атпа тамырлары және бұталарын қалемшелеу арқылы көбейеді. Қосжақтаулы ұзынша келген қорапша тәрізді жемісі көктемге дейін түспейді. Ұсақ тұқымдары желмен таралады. Оранжерея, қысқы бақтарды көгалдандыру үшін қолданылады. Тұқымынан техникалық май алынады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
