
Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Осы бағытта қала аумағында абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, орталық көшелер, саябақтар мен аллеялар біржылдық гүлдермен көмкеріліп, шаһардың көркін арттыруға басымдық берілуде.
Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау, суару жүйелерін тиімді ұйымдастыру және жаңа көшеттер отырғызу жұмыстары тұрақты бақылауда. Қаладағы көгалдандыру деңгейін арттыру мақсатында тиісті мекемелер тарапынан кешенді шаралар қабылданып келеді.
Бұдан бөлек, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту, ретке келтіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және тазалықты сақтауға деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған.
Айта кету керек, бүгінгі таңда қала аумағында 45 мыңнан астам ағаш, 1,5 миллионға жуық гүл егілген.
Осы айдың ортасында Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Игі бастамаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылығы мен ұжымы, мемлекеттік қызметшілер, қала тұрғындары, тазалыққа жауапты мекеме жұмысшылары және Түркістан қаласы әкімдігі мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров табиғат жанашырларымен кездесіп, бірге көшет екті.
– «Таза Қазақстан» бір жылдық бағдарлама емес. Ол өмір салтымызға айналуға тиіс. Тек акцияларда ғана емес, күнделікті өмірде ағаш егіп, тазалықты сақтай білсек, оны насихаттап, жастарды да игі іске жұмылдырсақ, бастама өз жемісін береді. Барша облыс тұрғындарын аймақты көгалдандыруға үлес қосуға шақырамыз, – деген Нұралхан Көшеров ел ағаларымен, жастармен пікір алмасты.
Іс-шара аясында қаланы көгалдандыру және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жаппай ағаш егу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бір күнде 1200 түп Қырым қарағайы мен 1000 түп жапырақты ағаш егілді. Осылайша, жалпы саны 2200 ағаш көшеті егіліп, Түркістанға кіреберістегі жасыл белдеу айтарлықтай толықты. Болашақта бұл аумақ саялы баққа айналмақ.
Бұл бастама Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желектер көлемін арттыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Таңғы 7:30-дан бастап ағаш еккен көпшілік қауым көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2021-2025 жылдар аралығында 800-ден астам елді мекенде 3,6 милионнан астам ағаш көшетін егу көзделген. Ал биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы 1 миллион түп ағаш егу жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар жалғасып жатыр.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаңа мурал салынды. Жоба қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Қала келбетін көркейту мақсатында жүзеге асқан арт туынды «Керуен сарай» тұрғын үй кешенінің қабырғасына орналастырылды. Мурал мазмұнында табиғатты аялау, тазалықты сақтау және экологиялық сананы нығайту идеялары көркем түрде бейнеленген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
