«Таза Қазақстан»: Сарыағаш пен Келес аудандарында тазалық жұмыстары жүргізілді

Loading

Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында көктемгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылуда.

Іс-шара барысында республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойындағы, болашақта жасыл желек саябаққа айналдыру жоспарланған 4 гектар аумаққа 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл игі бастамаға аудан әкімі Арман Абдуллаев пен әкімдік қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» қағидасын ұстанған аудан тұрғындары көгалдандыру жұмыстарына ұйымшылдықпен атсалысты.

Сонымен қатар аудан көлемінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелер бойындағы қоқыстар жиналып, арық-атыздар тазартылды, шөптер орылып, сырлау және әктеу жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке 1980 адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Бұдан бөлек, 65 көше, 30 аялдама, 15 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 17 саябақ пен сквер, 17 спорт алаңшасы, 55 шақырым арық-атыз және 9 шақырым ирригациялық жүйе тазартылды.

Апта сайын ұйымдастырылатын сенбілік шаралары ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізуде. Әрбір тұрғынның өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарауы – өңірдің көркеюіне қосылған маңызды үлес.

Сонымен бірге Келес ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары аудан орталығынан бастап барлық ауылдық округтерді қамтыды. Сенбілік жұмыстары кезінде Абай ауылындағы «Б.Ермеков» саябағы тазартылып, ауған соғысы ардагерлеріне арналған аллеяны әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасы «Жеңіс» саябағында жалғасты.

Игі шараға аудан әкімі де атсалысты. Жалпы, сенбілікке 2800-ге жуық адам жұмылдырылды. Олардың қатарында аудандық бөлім қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар бар. Ұйымшылдықпен өткен шара барысында 70-тен астам ішкі көшелер тазаланып, 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сенбілік тек аудан орталығында ғана емес, барлық елді мекендерде қатар ұйымдастырылып, әрбір ауыл өз аумағын тазалап, көркейту жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға және туған жерге деген жауапкершілікті күшейтуге бағытталды.

Бүгін Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтіп, «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылды. Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткен акцияға қатысушылар арнайы орнатылған LED экран алдына жиналып, телекөпір арқылы Мемлекет басшысымен тікелей байланысқа шықты. Онлайн кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» эко-волентері Айда Орынбасарқызы сөз сөйледі. Облыс әкімі өңір тұрғындары «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті.

Іс-шараға Ақсу-Жабағылы табиғи қорығынан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров пен эковолонтер Аида Мақанбай, Жайық жағасынан Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев пен экобелсенді Нұрсұлтан Сәрсенбаев, Шығыс Қазақстан облысынан аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, Баянауылдан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Жасыл ел» Павлодар облысы штабының жетекшісі Русана Сулаймонова бейнебайланыс арқылы қосылып, жалпыұлттық экологиялық акция аясында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Президент Қазақстанда соңғы жылдары көп өзгеріс болғанын, бұл көзге көрініп тұрғанын атап өтті

– Қалаларымыз бен ауылдарымыз тазарып, топырақтың, судың, ауаның ластануы азая түсті. Ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында жұмыс атқарылып, үздік экологиялық тәжірибелер енгізілуде, қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісінде алға ілгерілеу бар. Алайда кемшіліктер де аз емес, алда жұмыс көп. Ең бастысы, экономика ғана емес, азаматтарымыздың тұрмыс салты мен ой-санасы да өзгеруде. Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Бұған белгілі дәрежеде «Таза Қазақстан» жобасының, яғни, ел жастарының әсері болғаны рас. Мен өздеріңізді мақтан тұтамын. Сіздерге алғысым шексіз. Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегі болуға тиіс. Мұны жан-жақты ілгерілету үшін беделі биік белгілі азаматтарды тартқан дұрыс. Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You