Түркістан облысы: Ордабасы ауданында өткен жаппай сенбілікке 10 мың адам қатысты

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында «Жасыл болашақ» айдарымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.

Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен түрлі сала мамандарынан жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ 7 арнайы техника жұмылдырылып, 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, белгіленген аумақтар толық қамтылды.

Сенбілік жұмыстары Арыс өзені бойында, Темірлан тұқымбағында және ауданға қарасты 10 ауылдық округте жүргізілді. Іс-шара барысында мыңға жуық көшет отырғызылып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар мың гектарға жуық аумақ тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды.

Санитарлық-тазалық жұмыстары аясында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, саябақтар мен скверлер, көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтары мен арық-атыздар тазартылып, ағаштардың түптері әктелді.

Еске салайық, бүгін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. Осы уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады.

Министрдің айтуынша, 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру үшін 1 миллионнан аса гектарға 1 648,4 миллион түп көшет отырғызылған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілді. Алдағы уақытта 1 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экоаумақ құрылады.

Естеріңізде болса, бүгін Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай қорық аумағында өтіп, «Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында Қазақстан Республикасы Президентімен телекөпір байланысы орнатылды. Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында өткен акцияға қатысушылар арнайы орнатылған LED экран алдына жиналып, телекөпір арқылы Мемлекет басшысымен тікелей байланысқа шықты. Онлайн кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының» эко-волентері Айда Орынбасарқызы сөз сөйледі. Облыс әкімі өңір тұрғындары «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті.

Іс-шараға Ақсу-Жабағылы табиғи қорығынан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров пен эковолонтер Аида Мақанбай, Жайық жағасынан Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев пен экобелсенді Нұрсұлтан Сәрсенбаев, Шығыс Қазақстан облысынан аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, Баянауылдан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Жасыл ел» Павлодар облысы штабының жетекшісі Русана Сулаймонова бейнебайланыс арқылы қосылып, жалпыұлттық экологиялық акция аясында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You