
Түркістан облысында Қарашық өзенінің маңында жалпы аумағы 50 гектарды құрайтын «Түркістан» экопаркінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылуда.
Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров экопарк аумағына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Өңір басшысы жауаптылармен бірге жобаны жан-жақты пысықтап, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Бұл жоба өңірдің табиғи ландшафтын тиімді пайдалану мүмкіндігін береді және экологиялық саябақтарды құру мен пайдалану стандарттарына сәйкес әзірленуде. Мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы демалыс аймағын қалыптастыру, сондай-ақ орман қорын сақтау мен көбейту.
Қазіргі таңда аумақта бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаштарды бұтау, шеңгелдерді шабу, ағаш түптерін әктеу сияқты жұмыстар орындалды. Сонымен қатар өзеннің екі жағалауын тазалау бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілер жолының бірінші кезеңі іске қосылды.
Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қолға алынған. Аумақ қоршалып, 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Жалпы, экопарк аумағында 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде өңір климатына бейімделген тораңғы, үйеңкі, акация, терек және өрік сияқты ағаш түрлері бар.
Бұдан бөлек, экопарк аумағында көпірлер мен күн панельді жарықшамдар, орындықтар мен барбекю аймақтары, сондай-ақ тас және ағаш мүсіндер орнатылады. Экологияға зияны жоқ заттар қолданылады. Қазіргі таңда аталған нысандарды орналастыруға арналған алаңдарды тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кіреберісінде аркалы қақпа салу және балалар ойын алаңын жабдықтау жұмыстары басталды.
Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Бас мүфти мен облыс әкімінің қатысуымен ағаш егу акциясы өтті
Тақырыпқа орай қоса кетер тағы бір ақпарат, Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті ағаш егу акциясы ұйымдастырылды. Игі шара өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, жасыл желекті көбейту және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында өткізілді.
Ауқымды акцияға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай-қажы Тағанов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен дін ғұламалары, руханият саласының өкілдері мен ясауитанушылар қатысты.
Шара барысында қатысушылар өңірді көгалдандыруға өз үлестерін қосып, ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл бастама – табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясының маңызды бөлігі.
Айта кетейік, 2 жыл көлемінде Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы бастау алған сәттен бері 2 миллионнан астам ағаш егілді. 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея ашылды. «Мөлдір бұлақ» акциясы арқылы 155 бұлақ пен 77 өзен тазартылды. Биыл да 1 миллионнан астам ағаш егу жұмысы жүріп жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
