
Табиғаты тамылжыған Түлкібас ауданы – алуан түрлі өсімдіктер өсетін және аң-құстар мекендейтін киелі мекен. Сондай-ақ қарт Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан аудан аумағы арқылы 250-ге жуық құс миграциясы өтеді.
Аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты мамандармен бірге Шақпақ орнитологиялық станциясында болып, оның жұмысымен танысты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Зоология институты» ШЖҚ РМК қарасты бұл станцияда көктем-күз мезгілдерінде құстардың қоныс аударуын зерттеу үшін 8 маман ғылыми жұмыстар жүргізеді. Мамандардың айтуынша, бұл аумақ Қаратау мен Алатаудың ең жақын түйіскен жері болғандықтан, құстардың негізгі миграциялық бағыты осы өңір арқылы өтеді. Биыл аталған мекеменің құрылғанына 60 жыл толуына орай ауқымды халықаралық конференция жоспарланған. Оған әлемнің әр түкпірінен 100-ден астам ғалым қатысады деп күтіліп отыр.
Айта кетерлігі, бұл орталық шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын тудырады. Мәселен, 2025 жылы ауданға келген 1200-ге жуық шетелдік туристің 30 пайызы осы орталыққа барған.
Атап өтер тағы бір жайт, Шарафкент ауылының маңындағы Балықты көлінен бастау алатын Балықты өзенінің бойынан шағын туристік аймақ құрылмақ. Онда алғашқыда 5 гектар жерге 20 дана шағын үйшіктер бой көтереді. Жобаның тағы бір ерекшелігі — қызығушылық танытқан жергілікті ауыл тұрғынына шамамен 25 соттық жер беріліп, бекітілген біркелкі дизайнда үйшік салуға ұсыныс беріледі. Туристік нысандарды қалыптастыру арқылы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл экономикасын дамыту және ауданның тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Аймақ басшысы Асқар Сұлтанұлы жобаны барынша ілгерілету мақсатында егжей-текжейлі зерделеу жұмыстарын жүргізуді жүктеген-ді.
Бұдан бөлек Қытай инвесторлары Түркістан облысының Түлкібас ауданында әлемдік деңгейдегі этнографиялық демалыс аймағын салуды ұсынды. Өңір әкімдігі оны «мегажоба» деп сипаттады.
Биыл 9 ақпанда облыс әкімі Нұралхан Көшеров экологиялық таза демалыс орнын ашуды көздейтін ауқымды жоба бойынша келіссөз жүргізді: қытайлар Түркістанға қонаққа келді.
«Маңызды бастама биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие болады», – деп ақпарат таратты әкімдік.
Жоба авторлары Түлкібасты Қазақстан былай тұрсын, Орталық Азия мен әлемді байланыстыратын халықаралық мәдени-туристік орталыққа айналдырғысы келеді.
Атап айтқанда, мұнда қонақүйлер, мейрамханалар мен кафелер, сауда-ойын-сауық кластері, гүл аңғары, шаңғы және шөпте сырғанау аймақтары, жұлдызды шатырлар, ипподром мен ұлттық ат ойындары кешендері бой көтереді.
Сонымен қатар ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын өндіретін шеберханалар мен шағын өндіріс орындары ашылады.
«Түлкібас еліміздің жаңа мәдени-туризм брендіне айналмақ. Барлық құрылыс және жоспарлау жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Қызмет көрсету сапасы мен басқару жүйесі кәсіби деңгейде ұйымдастырылады», – делінген әкімдік мәліметінде. Әзірге «мегажоба» авторларының, яғни қытай инвесторларының кім екені белгісіз. Өңір әкімдігі таратқан ресми мәліметте инвестиция көлемі де айтылмаған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
