
Қазығұрт аудандық прокуратурасының, аудандық білім бөлімінің және жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында «Жастар – әлемді өзгертетін күш» атты жайдарман ойыны жоғары деңгейде өтті.
Аталған шараның мақсаты жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың бойындағы тапқырлық пен сахналық мәдениетті қалыптастыру, өзара достық қарым-қатынасты нығайту және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Сонымен қатар жастарды құқықтық мәдениетке баулу, қоғамдағы белсенділігін арттыру да басты назарда болды.
Көңілді әрі тартысты өткен сайысқа ауданның білім беру ұйымдарынан құралған 9 команда қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар «Сәлемдесу», «Сұрақ-жауап» және «Бес жаңалық» кезеңдері бойынша өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр команда өздерінің әзілдерімен, сахналық қойылымдарымен ерекшеленіп, тапқырлық пен креативтіліктің үлгісін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды «Дарын жастары» командасы (Дарын мектеп-интернаты) жеңіп алды. ІІ орын «Bulaq boys» командасына (Ащыбұлақ ЖББМ) бұйырса, ал ІІІ орынды «Алғыр жетілік» командасы (Т.Рысқұлов ЖББМ) қанағат тұтты. Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша «Үздік ойыншы» аталымын Бақтияр Нұрасыл («Шаңырақ» командасы, Қ.Сәтпаев мектеп-лицейі) иеленді. «Үздік әзіл» номинациясы №11 санаториялық мектеп-интернатына табысталып, 100 000 теңге сертификат табысталды. Мұнан өзге жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды.
Айта кетейік, мұндай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жастардың жан-жақты дамуына, олардың қоғамдағы белсенді азамат ретінде қалыптасуына оң ықпал етері сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
