Түркістан қаласында Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қатар мерекеленді

Loading

Түркістанда Түркістан облысының полиция департаментінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай «Жеңіс» саябағында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға қатысушылар ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов көпшілікті қос мерекемен құттықтап, ел үшін ерлік көрсеткен батырлардың ерліктері ұмытылмайтынын жеткізді.

– Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы, әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екенін айтқан болатын. Бұл абыройлы міндетті Түркістан облысының ержүрек, отаншыл өрендері де жауапкершілікпен атқарып жүр. Ел дамуы үшін тыныштық пен тұрақтылық керек. Бұл ретте бүгінде облысымыздың полиция қызметкерлері қоғам тыныштығын күзетуге үлес қосып жүр. Тәртіп сақшыларын да қос мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толып отыр. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсету – баршамызға ортақ міндет! Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері қалды. Сонымен бірге 3 мыңнан аса Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер мен тыл ардагерлері бар. Біз майдангерлеріміздің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз! Отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін маңызды қос мерекеде әр отбасыға денсаулық, амандық және мол табыс тілеймін! – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров: «Қос мереке – ерлік пен елдік рухтың, батырлық пен отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батыр бабалардың жанқиярлығының жемісі. Қайраткер Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден. Елге адал қызмет ету – жүректегі намыс пен жауапкершіліктен басталады», — дей келе, құттықтауын жеткізді.

Мерекелік іс-шара барысында ішкі істер органдары үшін маңызды рәсімдердің бірі – жас полицейлердің ант қабылдауы өтті. Сонымен қатар қызметтік міндетін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер мен ардагерлер марапатталды. ҚР ІІМ тарапынан бір топ полицейге түрлі дәрежедегі марапаттар табысталды. Полиция департаменті бастығы мен облыс әкімінің марапаты да иелерін тапты.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай өз құттықтауын былай жеткізді:

“Құрметті ардагерлер!

Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бүгінде еліміздің сардарлары мен сарбаздары байтақ даламызды, тәуелсіз елімізді қорғау бағытында аянбай еңбек етіп келеді.

Мемлекет басшысы «Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор. Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы», дей келе мерекенің маңызы зор екеніне тоқталған еді. Бұл абыройлы міндетті Түркістан облысының ержүрек, отаншыл өрендері де жауапкершілікпен атқарып жүр. Былтыр Түркістан облысынан 5 мыңға жуық жас сарбаз әскерге аттанып, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңіріміздің жас сарбаздары әскерге барып жатыр.

Осы айтулы күні әр отбасына денсаулық, амандық және мол табыс тілеймін! Азаматтарымыз аттан түспей, батыр бабалардың ерлікке толы жолын жалғап, Отанымызды қорғау бағытында абыройлы еңбек ете берсін! Аспанымыз ашық, мәртебеміз биік болып, Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасасын!”

Бұдан бөлек, ішкі істер органдарының ардагерлері және қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің жұбайларына құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар табысталды. Түркістан қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының «Жас сақшы» сыныбы да үздік деп танылып, марапатқа ие болды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері арнайы дайындық пен күрес тәсілдерін көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Салтанатты жиын өнерпаз полицейлер мен облыстық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасып, жеке құрамның салтанатты шеруімен қорытындыланды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You